294

«Ұлдарымды әкесіз қалдырудан қорықтым»: танымал актриса екінші күйеуімен неге ажырасқанын айтты

Актрисаның айтуынша, балаларын әкесіз қалдыру қорқынышы оның ажырасу туралы шешім қабылдауына ұзақ уақыт кедергі болған.

«Ұлдарымды әкесіз қалдырудан қорықтым»: танымал актриса екінші күйеуімен неге ажырасқанын айтты
instagram.com/saya_orazgaliyeva

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, актриса Сая Оразғалиева екінші некесінің не себепті бұзылғаны туралы ашық айтты. Өнер иесі ажырасу туралы шешімге бірден келмегенін, ұзақ уақыт бойы отбасын сақтап қалуға тырысқанын жеткізді.

Актриса «Мамский әңгіме» подкастында ажырасуға қатысты шешім қабылдауға қоғам мен жақындарының пікірі де әсер еткенін айтты. Алайда оның ең үлкен қорқынышы балаларының әкесіз өсуі болған.

Сая Оразғалиеваның сөзінше, толық отбасын сақтап қала алмағаны үшін өзін ұзақ уақыт кінәлаған.

«Мен үшін ең үлкен қорқыныш – балаларды әкесіз қалдыру болды. Отбасымды сақтап қала алмадым, балаларым толық отбасында өспейді деген ой өзімді қатты кінәлауыма себеп болды», – деді актриса.

Ол екінші некесінің аяқталуы туралы ойға бір күнде келмегенін атап өтті. Отбасылық өмір басталғаннан кейін ерлі-зайыптының мінезі мен өмірлік ұстанымы бір-бірінен мүлде бөлек екенін түсіне бастаған.

Актриса бұл некенің алғашқы кезеңінен-ақ түрлі қиындықтар болғанын жасырмады. Оның айтуынша, бұған өзінің бұған дейін ажырасқаны, баласының болуы, көпшілікке танымал актриса екені және жұбайымен ұлтының әртүрлі болуы да белгілі бір деңгейде әсер еткен.

«Бәрі басынан біз ойлағандай болмады. Ол жақта мені аса қуана қарсы алды деп айта алмаймын. Ажырасқан, баласы бар, көпшілікке танымал актрисамын. Оның үстіне ұлтымыз да бөлек болды. Кейін отбасын құрған соң екеуміздің өте бөлек екенімізді түсіне бастадым», – деді ол.

Уақыт өте келе олардың ортақ армандары мен болашаққа қатысты жоспарлары сәйкес келмейтіні анық болған. Тіпті күнделікті өмір мен саяхатқа деген көзқарастары да екі түрлі болып шыққан.

«Бір кезде біздің ортақ арманымыз да, болашаққа жоспарымыз да жоқ екенін түсіндім. Тіпті саяхат мәселесінде де келісе алмайтынбыз. Оның менімен бақытты емес екенін, менің де онымен бақытты емес екенімді түсіндім. Бізге жай ғана басқа адамдар керек болды», – деді Сая Оразғалиева.

Соған қарамастан актриса екінші некесіне өкінбейтінін айтты. Өйткені бұл отбасында оның балалары дүниеге келген.

Оразғалиева отбасын сақтап қалу үшін жұбайымен бірге отбасылық терапияға да барғанын жеткізді. Алайда бұл әрекет олардың қарым-қатынасын түзетуге көмектеспеген.

«Бір-бірімізбен тіпті тіл табыса алмайтын жағдайға жеттік. Отбасылық терапияға да бардық, бірақ көмектеспеді. Сол кезде жағдайды тым ушықтырып алғанымызды, енді одан шығатын жол қалмағанын түсіндім», – деді актриса.

Осы өмірлік тәжірибеден кейін Сая Оразғалиева некеге дейін адамның күнделікті тұрмыстағы болмысын тереңірек танып-білудің маңызды екенін түсінгенін айтты. Сондай-ақ болашақ жардың отбасымен алдын ала жақын араласып, бір-бірін жақсырақ тану қажет екенін атап өтті.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор