155

Түнгі клубтағы жанжал: Оралда қызға шабуыл жасаған ер адам ұсталды

Күдікті қызға шабуыл жасап, әйнек зат лақтырған көрінеді.

Түнгі клубтағы жанжал: Оралда қызға шабуыл жасаған ер адам ұсталды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Орал қаласындағы түнгі клубтардың бірінің қосалқы бөлмесінде қызға шабуыл жасалды. Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желілерде тарап, полиция қылмыстық іс қозғады.

Кадрларда қыздың еденде жатқан күйі шабуыл жасаған ер адамнан қорғануға әрекеттеніп жатқаны байқалады. Бір сәтте ол ер адамды өзінен итеріп жібергенімен, жанжал мұнымен аяқталмаған.

Ер адам қайтадан қызға жақындап, оған әйнек зат лақтырған. Салдарынан әлгі зат қыздың басына тиіп, сынып кеткен.

Батыс Қазақстан облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелгенін хабарлады.

«Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бейнежазбада көрсетілген ер адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Тергеу жалғасып жатыр және Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында», – деп хабарлады ведомство.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Материал авторы