Астанада әткеншекке таласқан аналар ойын алаңында төбелес шығарды
Полиция екі әйелдің бір-біріне жарақат салғанын мәлімдеп, сотқа дейінгі тергеуді бастады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы «Лазурный квартал» тұрғын үй кешенінің ойын алаңында екі әйелдің жанжалы төбелеске ұласты. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Әлеуметтік желіде тараған видеода екі әйелдің өзара жанжалдасып, кейін төбелескені көрінеді. Оқиғаның неден басталғаны туралы түрлі нұсқа айтылған. Алайда полиция жанжалдың ойын алаңындағы әткеншекке байланысты шыққанын мәлімдеді.
Астана қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жанжал барысында екі әйел де бір-біріне жарақат келтірген. Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген.
«Шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық қатысушы ұсталып, полиция бөлімшесіне жеткізілді. Ойын алаңындағы жанжал әткеншекке байланысты туындап, соның салдарынан екі әйел бір-біріне жарақат салғаны анықталды», – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары оқиғаға қатысы бар барлық адамның әрекетіне заң аясында тиісті баға берілетінін мәлімдеді.
Материал авторы