99

Бірнеше аптадан кейін АҚШ Иранға қайта шабуыл жасады

Иранның мәлімдеуінше, америкалық шабуылдан кейін бірнеше адам қаза тауып, жараланғандар бар.

Бірнеше аптадан кейін АҚШ Иранға қайта шабуыл жасады
AP Photo

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ әскері бірнеше апта үзілістен кейін Иран аумағына қайта соққы жасады. Бұған жауап ретінде Тегеран Иорданиядағы америкалық әскери нысандарға зымырандар ұшырған. Осылайша екі ел арасындағы әскери текетірес қайта күшейді.

АҚШ әскері жексенбі күні Иранның Ормуз бұғазындағы Ларак аралында орналасқан зымыран ұшыру қондырғыларына соққы берген. Бұл Вашингтонның шілде айының соңынан бері Иранға жасаған алғашқы белгілі шабуылы болды.

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының мәлімдеуінше, Тегеран АҚШ-тың Ларак аралына жасаған шабуылына жауап ретінде Иорданиядағы «Король Хусейн» және «Әл-Азрак» базаларына зымырандық соққы жасаған.

Корпус шабуыл кезінде қарсы тараптың техникалық инфрақұрылымы мен әскери ұшақтарға арналған позициялары нысанаға алынғанын мәлімдеді. Иран тарапы америкалық нысандарға «елеулі залал» келтірілгенін хабарлады.

Ал Иордания өз әуе кеңістігіне кірген зымырандардың ұсталғанын растады. Елдің мемлекеттік «Петра» ақпарат агенттігі қарулы күштердің мәлімдемесіне сілтеме жасап, әуе қорғанысы жүйелері дүйсенбі таңында әуе кеңістігіне кірген сегіз зымыранды ұстап қалғанын хабарлады.

АҚШ Орталық қолбасшылығы өкілінің айтуынша, америкалық әскери күштер Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының Ормуз бұғазында теңіз миналарын ұшыруға дайындалып жатқанын байқаған. Вашингтон Иранға жасалған соққының себебін осымен байланыстырды.

Иран тарапы шабуыл салдарынан бірнеше адамның қаза тауып, тағы бірнеше адамның жараланғанын мәлімдеді. Корпус АҚШ-қа қарсы «жауап шаралары мен жазалау» болатынын ескертті.

Ларак аралы Ормуз бұғазында, Иранның маңызды порты Бандар-Аббасқа жақын орналасқан. Бұл аймақ әлемдік теңіз тасымалы үшін аса маңызды стратегиялық бағыт саналады.

Бұған дейін АҚШ тарапы бұғаздағы негізгі кеме қатынайтын жолды миналардан тазарту жұмыстарын аяқтағанын мәлімдеген еді. Алайда соңғы оқиғалар аймақтағы қауіпсіздік мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды.

Иранмен байланысты Tasnim агенттігінің хабарлауынша, Ларак аралына жасалған шабуыл дрондар арқылы жүргізілген. Агенттік мәліметінше, оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам жараланған.

Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының өкілі Хоссейн Мохебби АҚШ шабуылын Дональд Трамп әкімшілігінің «стратегиялық және тағдыршешті қателігі» деп бағалады. Оның айтуынша, қарсы тарап бұл шешімнің экономикалық және әскери салдарын сезінеді.

Тараптардың соңғы шабуылдары АҚШ пен Иран арасындағы бірнеше аптаға созылған салыстырмалы тыныштықтың бұзылғанын көрсетті.

Материал авторы