121

ТМД елдері туризмді бірге ілгерілетпек: ақпарат агенттіктері жаңа келісімге келді

Ақпарат агенттіктері туристік бағыттар туралы материалдарды бірлесіп тарату арқылы ТМД ішіндегі туристік ағынды арттыруды ұсынды.

ТМД елдері туризмді бірге ілгерілетпек: ақпарат агенттіктері жаңа келісімге келді
Kazinform

ТМД елдерінің туристік мүмкіндіктерін кеңінен таныту үшін ақпарат агенттіктері арасындағы ынтымақтастықты күшейту ұсынылды. Атап айтқанда, ұлттық ақпарат агенттіктері туристік контентпен тұрақты алмасып, бұл бағытқа жауапты арнайы үйлестірушілерді белгілеуді көздеп отыр.

Аталған мәселе Ыстықкөлде өткен ТМД Мемлекеттік ақпарат агенттіктері басшылары кеңесінің XXXV отырысында талқыланды. Бұл туралы Kazinform жазды.

Жиында Kazinform агенттігінің басқарушы директоры Нағашыбек Алдан ақпарат агенттіктері арасындағы туристік материалдар алмасуын жүйелі түрде ұйымдастыруды ұсынды.

Оның айтуынша, ұлттық ақпарат агенттіктерінің аудиториясы мен ақпараттық мүмкіндігі айтарлықтай жоғары. Қазақстан биыл туристік өңірлерге тілшілер жіберіп, қызмет құны, инфрақұрылым, демалыс жағдайлары және басқа да мәселелер туралы материалдар әзірлеген.

«Біз бұл контентті әріптестерімізбен бөлісуге дайынбыз», - деді Нағашыбек Алдан.

Ол туризм тақырыбына жауапты жеке үйлестіруші белгілеу ақпарат алмасуды жүйелі әрі нәтижелі жүргізуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

ТМД елдері бір-бірінің туристік мүмкіндігін толық біле бермейді

ТАСС бас директоры Андрей Кондрашов бұл ұсынысты қолдады. Оның пікірінше, ТМД мемлекеттерінің туристік әлеуеті жоғары болғанымен, көрші елдердің тұрғындары бұл мүмкіндіктер туралы әлі де жеткілікті ақпарат ала алмай отыр.

Кондрашовтың сөзінше, соңғы уақытта елдер бір-бірі үшін бұрын белгісіз болған туристік бағыттарды жаңадан танып жатыр. Олардың қатарында тарихи ескерткіштермен бірге заманауи туристік кластерлер де бар.

Сондықтан ақпарат агенттіктері туристік нысандар туралы материалдарды кеңінен таратып, бұл бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет.

Қырғызстан Көшпенділер ойындарын бірге насихаттауға шақырды

Қырғыз ұлттық «Кабар» ақпарат агенттігінің директоры Медербек Шерметалиев те ТМД әріптестеріне ұсыныс жасады.

Қырғызстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындалып жатыр. Шерметалиев аталған халықаралық шараны ТМД елдерінің ақпарат агенттіктері арқылы кеңінен насихаттаудың маңызы зор екенін айтты.

Ол агенттіктерді ойындарға қатысты жаңалықтар, репортаждар және басқа да материалдарды тұрақты түрде жариялауға шақырды.

Туристік контент көбейсе, туристік ағын да артады

Кездесуге қатысушылар туристік ақпаратпен тұрақты алмасудың бірнеше ел үшін де тиімді екенін атап өтті. Бірлескен медиа жұмыс ТМД тұрғындарына бұрын білмеген туристік бағыттар мен нысандарды таныстырып, олардың сапарға деген қызығушылығын арттыруы мүмкін.

Яғни идея қарапайым: бір елдің ақпарат агенттігі өзіндегі қызықты туристік орындарды көрсетеді, көрші елдердің медиасы оны өз аудиториясына жеткізеді. Нәтижесінде ақпарат көбейіп, жаңа туристік бағыттарға сұраныс артуы ықтимал.

Бұған дейін ТМД мемлекеттері әскери өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған құжаттарға қол қойғаны хабарланған еді. Енді ұйым аясындағы ақпарат агенттіктері туризм саласындағы ынтымақтастықты күшейтуді ұсынып отыр.