184

Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болып сайланды

Мемлекет басшысы ұсынған кандидатураны Құрылтайдың 141 депутаты қолдап, Ерлан Қарин жаңа қызметке сайланды.

Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болып сайланды
Ақорда

Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болып сайланды. Оның кандидатурасын Құрылтайдың 141 депутаты қолдады.

Бұған дейін Ерлан Қариннің кандидатурасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған еді.

Ерлан Қарин кім?

Ерлан Қарин 1976 жылы Түркістан облысы Сайрам ауданының Ақсу ауылында дүниеге келген.

1996 жылы Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін «Тарих және география» мамандығы бойынша тәмамдап, тарих және география пәндерінің мұғалімі біліктілігін алған.

1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің философия және саясаттану факультетінің аспирантурасын бітірді. Саяси ғылымдар кандидаты.

Қарин еңбек жолын 1996 жылы Ақтөбе қаласындағы №33 мектепте география және тарих пәндерінің мұғалімі ретінде бастады.

1998 жылдан бастап Қазақстан даму институтының Саяси зерттеулер орталығында қызмет атқарып, кейін Қытай және Ресей институты директорының орынбасары болды.

2000 жылы Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігін басқарды.

2002 жылдан Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің штаттан тыс кеңесшісі қызметін атқарды.

2003 жылы республикалық «Асар» партиясы төрағасының бірінші орынбасары және Заманауи саясат халықаралық институтының бас директоры болды.

2004 жылы Антитеррористік бағдарламалар орталығының басшысы қызметіне тағайындалды.

2006 жылдан Маңғыстау облысы әкімінің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі болды.

2008 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімін басқарды. Сол жылдың қарашасында «Нұр Отан» партиясының стратегиялық даму жөніндегі хатшысы қызметіне ауысты.

2013 жылдың желтоқсанынан Вашингтондағы Америка университетінде арнайы шақырылған профессор болып жұмыс істеді.

2014 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры болып тағайындалды.

2017 жылдан «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.

2019 жылғы сәуірден 2020 жылғы шілдеге дейін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болды.

2020 жылдың шілдесінен Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметін атқарды.

2022 жылғы 5 қаңтарда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болып тағайындалды.

Сол жылдың 14 маусымынан бастап Мемлекеттік кеңесші қызметін атқарды.

Ал 2026 жылғы 30 маусымда Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды.

Қандай марапаттары бар?

Ерлан Қарин «Құрмет» орденімен (2010), ІІ дәрежелі «Достық» орденімен (2019), ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен (2022), І дәрежелі «Барыс» орденімен (2025) және «Отан» орденімен (2026) марапатталған.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медаліне (2019) ие болған.

Бірнеше кітаптың авторы

Ерлан Қариннің ғылыми-сараптамалық және публицистикалық еңбектері де бар.

Ол 2013 жылы «Балбалтас. Орхоннан Каспийге дейін», 2014 жылы «Солдаты Халифата: мифы и реальность» кітаптарын шығарған.

2017 жылы Джейкоб Зеннмен бірге «Между ИГИЛ и Аль-Каидой: Центральноазиатские боевики в сирийской войне» кітабын жазды.

2023 жылы Галина Ксенжикпен бірге «Сводный каталог картографических материалов по истории Казахстана XVII – начало XX вв.» атты еңбегін жарыққа шығарды.

Материал авторы