137

Екі жоғары сынып оқушысы 12 жастағы баланы өлтірді деген күдікке ілінді

Тергеу мәліметінше, 15 және 16 жастағы күдіктілер баланы қараусыз қалған ғимаратқа апарып, пышақтаған болуы мүмкін.

Екі жоғары сынып оқушысы 12 жастағы баланы өлтірді деген күдікке ілінді
KP.RU

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресейдің Мәскеу облысында 12 жастағы мектеп оқушысының өліміне қатысты тергеу басталды. Құқық қорғау органдары қылмыс жасады деген күдікпен 15 және 16 жастағы екі қызды ұстады.

Тергеу мәліметінше, қайғылы оқиға Орехово-Зуево қалалық округіндегі Кабаново ауылында болған.

12 жастағы бала 26 тамызда жоғалып кеткен. Оны іздеуге еріктілер мен жергілікті тұрғындар қосылған. Келесі күні баланың денесі қараусыз қалған ғимараттың жертөлесінен табылған. Тергеушілер оның денесінен бірнеше пышақ жарақатын анықтаған.

Осыдан кейін жергілікті екі тұрғын, 15 және 16 жастағы қыздар ұсталды. Оларға қатысты адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Тергеу қылмыс алдын ала жоспарланған болуы мүмкін екенін тексеріп жатыр

Ресейлік бірқатар БАҚ пен Telegram-арналар құқық қорғау органдарындағы дереккөздерге сүйене отырып, күдіктілер қылмысқа алдын ала дайындалған болуы мүмкін екенін хабарлады.

Кей деректер бойынша, қыздар пышақ пен қолғап дайындап, баланы қараусыз қалған ғимаратқа апаруды жоспарлаған. Олар жәбірленушіні ауылдағы көршісі ретінде таныған.

Алдын ала мәлімет бойынша, бала жоғалған күні күдіктілер оны серуендеуге шақырып, кейін бұрынғы жатақхана ғимаратына ертіп барған.

Тергеу күдіктілердің қылмысты қандай мақсатпен жасағанын анықтап жатыр. БАҚ-та тараған кей ақпараттарда қыздардың әрекетін видеоға түсіру немесе интернеттегі белгілі бір «челленджге» қатысу нұсқасы да айтылған. Алайда бұл мәліметтер ресми түрде расталған жоқ.

Марқұм баланың анасы басқа қылмыстар болуы мүмкін екенін айтты

Қаза болған баланың анасы Ирина БАҚ өкілдеріне күдіктілер бұған дейін де басқа адамдарға қатысты қылмыс жасауды жоспарлаған болуы мүмкін екенін мәлімдеген.

Оның айтуынша, тергеу қарастырып жатқан нұсқалардың бірі бойынша, қыздарға оңтүстіккореялық «Игра в кальмара» сериалы әсер етуі мүмкін.

«Бұл түпкілікті қорытынды ма, әлде тергеушілердің болжамы ма, білмеймін. Мұндай пікірге бір қыздың бөлмесінде сериалға қатысты плакаттар болғандықтан келген болуы мүмкін», – деді баланың анасы.

Сондай-ақ күдіктілердің бірінің TikTok парақшасынан сериалдағы өлім көріністері жинақталған бейне табылғаны хабарланды.

Ауыл тұрғындары күдіктілерді тыныш қыздар ретінде сипаттаған

Кабаново ауылының тұрғындарының бірі журналистерге күдікті қыздардың бұрын жанжалға араласпаған, тыныш болғанын айтқан.

Оның сөзінше, екі қыздың арасында жақын қарым-қатынас қалыптасқан, олар жиі бірге жүрген.

Сонымен бірге жергілікті тұрғындар мектептегі басқа оқушылардың олармен көп араласпағанын айтқан.

Кей деректерде қыздардан 50 адамның аты жазылған тізім табылғаны, онда қаза болған баланың да болғаны айтылды. Бұл ақпарат әзірге ресми расталған жоқ.

Күдіктілер екі айға қамауға алынды

Ресейлік тергеу органдары күдіктілердің кінәсін анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Бұған дейін 12 жастағы оқушыны өлтірді деген күдікпен ұсталған екі қыздың да екі ай мерзімге уақытша ұстау изоляторына қамалғаны белгілі болды.

Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасуда. Күдіктілердің кінәсі сот шешімімен анықталады.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор