Алматыда екі жігіт түнде бомбадан қорғану орнына кірмек болды
Полиция жастардың нысанның құлпын ашуға тырысқанын анықтап, оларды бөлімшеге жеткізді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда екі жас жігіт түнгі уақытта жабық бомбадан қорғану орнына заңсыз кіруге әрекет жасады. Олар нысанның құлпын ашуға тырысқан кезде полиция қызметкерлерінің назарына түскен.
Оқиға Алматының Алмалы ауданында, Абай даңғылы мен Тілендиев көшесінің қиылысындағы бомбадан қорғану орнында болған.
Аталған нысанның балансында тұрған кәсіпорын басшылығы оқиға туралы полицияға хабарлаған. Ұйым өкілдерінің айтуынша, бұған дейін де бөгде адамдардың бұл жерге кіруге әрекет жасаған жағдайлары тіркелген.
Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері екі жігіттің нысанның құлпын ашуға әрекеттенгенін анықтады. Олардың жанынан түрлі құралдар табылып, екеуі де Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізілді.
Полицияның мәліметінше, жастар өз әрекетін қызығушылықпен түсіндірген. Олардың айтуынша, бұл орын туралы өздеріне біреу айтып берген.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, жабық нысанға кіруге әрекет жасаудың нақты себептерін тексеріп жатыр.
Материал авторы