153

Астанада 20 адамды арзан баспана арқылы алдаған күдікті ұсталды

Күдікті өзін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын жақсы білетін маман ретінде таныстырып, азаматтардың сеніміне кірген.

Астанада 20 адамды арзан баспана арқылы алдаған күдікті ұсталды
Bia Limova / Pexels

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада азаматтарға тиімді шартпен баспана алып беруге уәде етіп, алдын ала ақша алған 35 жастағы ер адам ұсталды. Тергеу барысында оның 20 алаяқтық дерегіне қатысы болуы мүмкін екені анықталған.

Астана қалалық полиция департаментінің Есіл аудандық криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді.

Тергеу мәліметінше, ер адам өз қызметі туралы негізінен таныстар арқылы ақпарат таратып отырған. Ол өзін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары мен жеңілдетілген несие рәсімдеу тәртібін жетік білетін маман ретінде таныстырып, адамдардың сеніміне кірген.

Күдікті жәбірленушілерге төмен пайыздық мөлшерлемемен пәтер алып беруге уәде етіп, алдын ала төлем алған. Алайда түскен қаражатты уәде етілген мақсатқа жұмсамай, жеке қажетіне пайдаланған.

Қазіргі уақытта оның 20 алаяқтық эпизодына қатысы анықталған. Жәбірленушілердің біріне келтірілген материалдық шығын 1,5 миллион теңгені құраған.

Ұсталған азамат өз кінәсін толық мойындаған.

Полиция тұрғындарды сақ болуға шақырды. Құқық қорғау органдары мемлекеттік бағдарламалар аясындағы барлық төлем тек ресми платформалар арқылы жүргізілетінін ескертеді. Бейтаныс адамдарға ақша аудару немесе олардың талабымен алдын ала төлем жасау – алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдерінің бірі.

Күдік тудыратын жағдай туындаған кезде азаматтарға 102 нөміріне хабарласу ұсынылады.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор