Арал ауданында учаскелік инспектор жанжалдан кейін қаза тапты
Оқиға кезінде демалыста болған полиция қызметкерінің өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қызылорда облысында полиция қызметкерінің қаза болғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Кейін бұл мәліметті облыстық полиция департаменті растады.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға Арал ауданында болған. Тұрмыстық жанжал кезінде учаскелік полиция инспекторына дене жарақаты жасалып, ол алған жарақаттарының салдарынан көз жұмған.
Оқиға болған сәтте полиция қызметкері демалыста жүрген.
Облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Күдіктінің жеке басы анықталып, оны ұстау үшін тиісті шаралар жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ полицияның мәліметінше, күдікті бұған дейін отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар үшін бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оған қатысты қорғаныс нұсқамалары да шығарылған.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде 1988 жылы туған полиция қызметкерінің жеке үй ауласындағы гараждан табылғаны туралы ақпарат тараған еді. Алайда ресми органдар бұл деректің барлық егжей-тегжейін жариялаған жоқ.
Материал авторы