Apple OpenAI-ды технология ұрлығы ісіндегі дәлелдерді жоюға тырысты деп айыптады
Компанияның айтуынша, бұрынғы инженері құпия техникалық құжаттарды Apple-ден кеткеннен кейін де жүктеп, оларды OpenAI-дегі жұмысына пайдаланған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Apple мен OpenAI арасындағы технологиялық дау сотта жаңа деңгейге шықты. Apple компаниясы OpenAI-дың өзінің құпия әзірлемелерін заңсыз пайдаланғанын дәлелдейтін материалдарды жоюға әрекет жасауы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазды.
Apple ұсынған жаңа сот материалдарында компанияның бұрынғы инженері Чан Люге қатысты айыптар бар. Apple мәліметінше, Лю компаниядан кеткеннен кейін де корпоративтік желіден құпия техникалық құжаттарды жүктеген. Кейін ол OpenAI-ға жұмысқа орналасып, аталған материалдарды жаңа қызметіндегі жұмысына пайдаланған болуы мүмкін.
Apple бұл істің маңызды тұлғаларының бірі ретінде Люді атайды. Компанияның нұсқасына сәйкес, бұрынғы инженер OpenAI-дегі әріптесіне Apple инфрақұрылымына қолжетімділігінің болғанын көрсететін дәлелдерді жою жолдарын түсіндірген. Әріптесі оған көмектесуге келіскен деген болжам да айтылды.
Apple бұған қоса Людің компаниядан алынған деректерді жасанды интеллект агентін оқыту үшін пайдалануы мүмкін екенін мәлімдеді. Компанияның айтуынша, ол OpenAI-ға ауысқаннан кейін де Apple-дің жабық ресурсына кіріп, қуат түрлендіргішінің құрылымына қатысты техникалық құжаттаманы жүктеген.
Apple сотқа берген өтінішінде OpenAI-ды дәлелдерді ұсыну процесіне кедергі келтірді және кейбір материалдарды жоюы мүмкін деп айыптады. Компания OpenAI-дың бұрынғы және қазіргі қызметкерлермен жүргізген сұхбаттары арқылы өзінің әзірлемелеріне қол жеткізгенін айтып, материалдық өтемақы мен даулы технологияларды пайдалануға тыйым салуды талап етіп отыр.
Apple мәліметінше, OpenAI компанияға қатысты талап арызды кері қайтаруға тырысып жатыр. Сонымен қатар Apple соттан ықтимал дәлелдерді жедел жинау процесін бастауды сұраған.
Тараптар арасындағы дауда Чан Людің бұрынғы жұмыс берушісінен алған ноутбугі де маңызды дәлелдердің біріне айналған. Apple мамандары құрылғыны жақында тексеріп, Лю мен оның OpenAI-дегі әріптестері оның Apple-дің құпия деректеріне қолжетімділігі сақталғанын білген деген қорытындыға келген.
Apple бұған дейін OpenAI өз компаниясынан 400-ден астам бұрынғы қызметкерді жұмысқа тартқанын да мәлімдеген.
Істің нақты эпизодына қатысты сот отырысы 1 қазанға жоспарланған.
Материал авторы