Шетелдікке үйленген қостанайлық жер телімінен қағылды
Прокуратура анықтаған заңбұзушылықтан кейін жеті жер телімі қайта конкурсқа қойылады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін беру конкурсы кезінде бірқатар заңбұзушылық анықталды. Соның салдарынан жеті жер телімі қайтадан конкурсқа шығарылатын болды.
Прокуратураның мәліметінше, жер заңнамасының сақталуына жүргізілген талдау барысында аудан әкімдігі жанындағы жер комиссиясының конкурс қорытындысын шығаруда талаптарды бұзғаны белгілі болған.
Атап айтқанда, комиссия кейбір қатысушыларға ауданда бес жылдан астам уақыт тұрғаны үшін негізсіз қосымша ұпай берген.
Сонымен қатар комиссия конкурсқа қатысушылардың бірі Қазақстан азаматы әрі шетелдік азаматпен некеде тұрғанын ескермеген.
Қазақстанның Жер кодексінің 24-бабына сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін шетелдік азаматпен немесе азаматтығы жоқ адаммен некеде тұрған Қазақстан азаматтарына жеке меншікке немесе жер пайдалану құқығымен беруге жол берілмейді.
Прокурорлық қадағалау нәтижесінде анықталған заңбұзушылықтар жойылды. Жер комиссиясы отырысының хаттамасы күшін жойып, жалпы аумағы 1129 гектар болатын жеті жер телімін қайта конкурсқа шығару туралы шешім қабылданды.
Бұл учаскелер енді шаруа қожалығын жүргізу үшін азаматтарға беру мақсатында қайта ұсынылады.
Материал авторы