«Баланы тартып аламыз»: «Харекет» қорының әрекеті желіде қызу талқыланды
Ана балаларынан айырылып қаламыз деп жыласа, видео соңында оған жаңа пәтердің кілті табысталған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, үш баласын жалғыз тәрбиелеп отырған анаға үй сыйламас бұрын ұйымдастырылған пранк «Харекет» қайырымдылық қорына қатысты сынның күшеюіне себеп болды. Қор өкілдерінің «балаларыңызды алып кетеміз» деген мазмұндағы әзілін желі қолданушылары орынсыз деп бағалады.
Қор жариялаған видеода үш баласы бар жалғызбасты ананың тұрмысы көрсетілген. Отбасы жағдайы төмен, жұпыны үйде өмір сүріп келген. Оларға келген Ақмарал Басирова өзін Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің қызметкері ретінде таныстырып, үйдегі жағдайды сұрайды.
Кейін ол балалардың мұндай жағдайда тұра алмайтынын айтып, оларды алып кететінін жеткізеді. Мұны естіген ана балаларын құшақтап, олардан айырылғысы келмейтінін айтып жылайды. Балалар да жылаған. Осы сәттен кейін ғана әйелге жағдайдың шынайы мәні түсіндіріліп, отбасыға жаңа пәтер берілетіні айтылып, үйдің кілті табысталады.
Алайда видеоның дәл осы тұсы көпшіліктің көңілінен шықпады. Желі қолданушылары тұрмысы ауыр отбасының қорқынышы мен эмоциясын пранкке айналдыруды сынға алды.
Желіде пікір білдіргендердің бірі Шалқар Қуанышбаев мұқтаж отбасыға көмектесу үшін мұндай тәсілдің қажеті жоқ екенін айтты. Оның пікірінше, онсыз да қиын жағдайда отырған ана мен балаларды баспанасынан және бір-бірінен айырылуы мүмкін екенін айтып қорқыту дұрыс емес.
Басқа қолданушылар да қордың контент жасау тәсілін өзгертуі керек деген пікір білдірді. Олар қайырымдылықты көрсету барысында адамгершілік пен эмпатия бірінші орында тұруы қажет екенін жазды.
Сонымен қатар кейбір желі қолданушылары балаларды мұндай эмоциялық жағдайға түсіріп, олардың бейнесін жариялаудың қажеті болмағанын атап өтті. Олардың пікірінше, отбасыға баспана алып бергені үшін алғыс айтуға болады, алайда мұқтаж жандардың жеке басындағы қиындықтарын көпшілікке көрсету міндетті емес.
Материал авторы