76

«Жүрегі тоқтаған деді»: БАӘ-де қаза болған екі қазақ қыздың өліміне қатысты жаңа дерек айтылды

Шарджада көз жұмған әпкелі-сіңлілі екі қыздың денесі Қазақстанға жеткізіліп, жер қойнына тапсырылды.

«Жүрегі тоқтаған деді»: БАӘ-де қаза болған екі қазақ қыздың өліміне қатысты жаңа дерек айтылды
КТК

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шарджада көз жұмған әпкелі-сіңлілі Ақжан мен Жұлдыздың денесі Қазақстанға сенбіге қараған түні жеткізілген. Сол күні олар туған жерінде жер қойнына тапсырылды.

Марқұмдардың ата-анасы қыздарының қазасының нақты себебін әлі білмейді. Қайғылы оқиғаға қатысты құжаттарда өлім себебі ретінде «жүректің тоқтауы» көрсетілген.

Қыздардың денесін БАӘ полициясы әкесінің туыстықты растайтын ДНҚ сараптамасынан өткеннен кейін ғана берген. Мейрам Боханов қыздарының жүзін Қазақстанға келгеннен кейін, жерлеу рәсімі алдында ғана көргенін айтты.

«Жүздерін мешітте ғана аштым. Інім екеуміз қарап, біздің қыздарымыз екенін көрдік. Анасы оларды көрген жоқ. Қыздарын қуанышты әрі бақытты күйінде есте сақтасын», – деді ол.

Ата-ананың айтуынша, Ақжан мен Жұлдыз былтыр желтоқсанда Шарджаға жұмыс істеу үшін барған. Олар сұлулық салонында еңбек еткен.

Алайда шамамен екі апта бұрын қыздар байланысқа шығуды тоқтатқан. Кейін екеуінің денесі жалдамалы пәтерден табылған.

Қыздардың әкесі интернетте тараған түрлі ақпаратқа сенбеуге шақырды. Оның сөзінше, отбасы қыздарының нақты қалай қаза болғанын білмейді.

«Жүрегі тоқтаған дейді. Бірақ олардың нақты қалай қайтыс болғанын, қалай қаза болғанын білмейміз. Интернетте тараған ақпараттың бәрі – өтірік. Сенбеңіздер. Сараптаманың ресми қорытындысы шыққанда ғана нақты айта аламыз», – деді Мейрам Боханов.

Қазір іс бойынша күдікті ұсталған. Әкесінің айтуынша, ол да Қазақстаннан шыққан азамат.

Қайғылы оқиға кезінде Ақжан небәрі 20 жаста, ал Жұлдыз 22 жаста болған. Олардың өліміне қатысты істің нақты мән-жайы мен қорытынды сараптама нәтижесі әзірге белгісіз. 

Материал авторы