70

Қазақстандағы инфляция 10 пайыздан төмендеді

Бір жылда отандық көліктер, кондиционерлер мен кейбір көкөністердің бағасы айтарлықтай арзандаған.

Қазақстандағы инфляция 10 пайыздан төмендеді
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда жылдық инфляция 10 пайыздық межеден төмен түсті. 2026 жылғы тамызда елдегі жылдық инфляция 9,8 пайызды құрап, шілдедегі 10,2 пайызбен салыстырғанда 0,4 пайыздық тармаққа баяулады. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы жазды.

Тамыз айында айлық инфляция шілдедегі деңгейде қалып, 0,6 пайыз болды. Бағаның төмендеуі негізінен маусымдық жеміс-көкөніс өнімдерінен байқалды.

Атап айтқанда, картоп 12,3 пайызға, тәтті бұрыш 11,9 пайызға, қырыққабат 9,7 пайызға, жүзім 8 пайызға, пияз 7,7 пайызға арзандаған. Сонымен қатар алма бағасы 5,1 пайызға, сәбіз 5 пайызға, лимон 4,7 пайызға, қызылша 3,6 пайызға төмендеді. Алмұрт пен қиярдың бағасы тиісінше 1,8 және 1,5 пайызға түскен.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде пайдаланылған жеңіл көліктер 5,3 пайызға, планшеттер 5 пайызға, медициналық маскалар 2,9 пайызға арзандады. Медициналық термометр, электр еттартқыш және балалар жөргегінің бағасы да 0,8 пайызға төмендеген.

Жылдық көрсеткіш бойынша тамызда азық-түлікке жатпайтын тауарлар 11,4 пайызға, азық-түлік өнімдері 9,5 пайызға, ақылы қызметтер 8,9 пайызға қымбаттаған.

2025 жылдың тамызымен салыстырғанда жекелеген жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасы айтарлықтай төмендеген. Баялды 46,8 пайызға, қияр 39,9 пайызға, қызанақ 13,6 пайызға, алма 10,6 пайызға, сарымсақ 7,2 пайызға, мандарин 5,9 пайызға арзандаған.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында отандық өндірістегі жаңа жеңіл көліктердің бағасы бір жылда 16,9 пайызға төмендеген. Электр бұрғылары мен бұрауыштар 8 пайызға, кондиционерлер 7,6 пайызға, медициналық бинттер 3,1 пайызға арзандаған. 

Материал авторы