«Жарты беті жоқ»: Қазақстанда ата-аналар оқулықтардың жағдайына шағымданды
Шымкент білім басқармасы жаңа оқу жылына оқулық сатып алуға бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылғанын мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда оқу жылы басталған күні мектеп оқулықтарының жағдайына қатысты ата-аналардың наразылығы күшейді. Әсіресе Шымкенттегі мектептердің бірінде оқушыларға берілген ескі әрі тозған кітаптар әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Бұл туралы NUR.KZ басылымы жазды.
Threads әлеуметтік желісінде Шымкенттегі №38 мектеп-гимназия оқушысының ата-анасы баласына берілген оқулықтардың жағдайын көрсетіп, мектеп әкімшілігіне сұрақ қойды. Оның айтуынша, кітаптардың әбден тозғаны соншалық, оларды пайдаланудың өзі қиын.
Ата-ана мектеп кітапханасында бұл оқулықтардың шамамен тоғыз жылдан бері қолданылып келе жатқанын айтқан.
Жазбаға пікір білдірген басқа ата-аналар да осындай мәселеге тап болғанын жеткізді. Кейбірі мектептерде он жылға жуық уақыт пайдаланылған кітаптардың қайта берілгенін жазса, енді бірінің баласына бірнеше беті жоқ оқулықтар тиген.
Ата-аналардың айтуынша, мұндай кітаппен оқушының үй тапсырмасын орындауы қиын. Кей мектептерде мәселені электронды оқулықтарды интернеттен жүктеп пайдалану арқылы шешу ұсынылған.
Туындаған жағдайға Шымкент қаласының білім басқармасы түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, мемлекеттік білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету жұмысы жыл сайын жоспарлы түрде және қолданыстағы заң талаптарына сәйкес жүргізіледі.
Басқарма 2025–2026 оқу жылында жергілікті бюджеттен оқулықтарға шамамен 2 миллиард теңге бөлінгенін хабарлады. Осы қаражатқа мемлекеттік мектептер үшін 554 382 оқулық сатып алынып, білім беру ұйымдарына уақытылы таратылған.
Ал 2026–2027 оқу жылында оқулық қорын жаңартуға жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржықарастырылған. Тозған кітаптарды ауыстыру және кітапхана қорын толықтыру үшін 11 баспаға тапсырыс беріліп, 600 мыңға жуық оқулық жеткізу жоспарланған.
Білім басқармасы қазіргі уақытта жаңа оқулықтардың Шымкентке жеткізіліп жатқанын мәлімдеді. Кітаптар келгеннен кейін тозған даналар кезең-кезеңімен ауыстырылмақ. Ал мектептердегі оқулық тапшылығына қатысты мәселелер белгіленген тәртіппен шешіледі.
Материал авторы