19

Си Цзиньпин Украина мен Таяу Шығыстағы соғыстарға қатысты Қытайдың ұстанымын жариялады

Бейжің Украинадағы және Таяу Шығыстағы соғыстарды саяси жолмен шешуге атсалысуға дайын екенін білдірді.

Си Цзиньпин Украина мен Таяу Шығыстағы соғыстарға қатысты Қытайдың ұстанымын жариялады
Ақорда

Қытай Украинадағы, Таяу Шығыстағы және Ауғанстандағы қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге белсендірек қатысуға дайын. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин бұл туралы Қырғызстанда өтіп жатқан Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде мәлімдеді.

Қытай басшысы Пекиннің халықаралық және өңірлік қақтығыстарға қатысушы барлық тараптармен байланыс пен үйлестіруді күшейтуге дайын екенін айтты.

Си Цзиньпин Украина, Таяу Шығыс және Ауғанстанды қазіргі халықаралық күн тәртібіндегі негізгі «ыстық нүктелердің» қатарында атады.

«Украина, Таяу Шығыс және Ауғанстан секілді халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша Қытай барлық тараптармен байланысты және үйлестіруді күшейтуге дайын. Біз мәселенің салдарын ғана емес, себептерін де жоюға бағытталған ұстанымды сақтап, саяси реттеуге ықпал етеміз», – деді Қытай көшбасшысы.

Оның айтуынша, Бейжіңнің тәсілі қақтығыстардың салдарын жоюмен шектелмей, олардың түпкі себептерін анықтап, шешуге бағытталуы тиіс.

Си Цзиньпиннің бұл мәлімдемесі Қытайдың Украина мен Таяу Шығыстағы қақтығыстарды реттеу мәселесіне қатысты дипломатиялық белсенділігін арттыруға ниетті екенін көрсетеді. Алайда Қытай көшбасшысы нақты қандай жаңа тетіктер қолданылатынын немесе тараптармен қандай форматта жұмыс жүргізілетінін айтқан жоқ.

Материал авторы