СҚО-да құмар ойынға қатысқан үш мемлекеттік қызметші жұмыстан шығарылды
Енді заң талаптарын бұзған қызметшілер мемлекеттік қызметте қала алмайды.
Солтүстік Қазақстан облысында 2025 жылдан бері мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындар мен бәс тігуге қатысқанына қатысты тоғыз дерек анықталған. Заң талаптарын бұзғандардың барлығы мемлекеттік қызметтен босатылған.
Департамент мәліметінше, өткен жылы құмар ойындар мен бәс тігуге қатысқан алты мемлекеттік қызметші анықталған. Оның үшеуі Ақжар ауданында, екеуі Тайынша ауданында, біреуі Есіл ауданында тіркелген.
Ал биыл Петропавл қаласында осындай тағы үш дерек анықталған.
Департаменттің бас маманы Евгений Яковенконың айтуынша, құмар ойындар мен бәс тігу қаржылық тәуекелге әкеліп, тәуелділікке, материалдық қиындықтарға және отбасылық әрі әлеуметтік қатынастардың нашарлауына себеп болуы мүмкін.
Мемлекеттік қызметшілер үшін мұндай әрекеттің салмағы бұдан да жоғары.
«Мемлекеттік қызметшінің әрбір әрекеті оның жеке беделіне ғана емес, мемлекеттік органдарға деген қоғам сеніміне де әсер етеді», – деді Евгений Яковенко.
Шенеуніктерге құмар ойынға қатысуға заңмен шектеу қойылған
Қазақстан заңнамасында мемлекеттік қызметшілер үшін құмар ойындар мен бәс тігуге қатысты арнайы талаптар белгіленген.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңға сәйкес, мемлекеттік қызметші қызметке кіріскен күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуға шектеу қоюға міндетті.
Яғни мемлекеттік қызметке кірген адамға бұл шектеуді өз еркімен орнату мүмкіндігі ғана емес, оны орындау міндеті де жүктеледі.
Департамент мамандары мемлекеттік қызметшілердің қызметтік тәртіп пен кәсіби әдеп нормаларын сақтауын маңызды талаптардың бірі ретінде атап өтті.
Заң талаптарын бұзған қызметшілердің барлығы мемлекеттік қызметтен босатылған.
Материал авторы