1073

Жамбыл облысында жасырын есірткі плантациясы жойылды: 438 келі марихуана тәркіленді

Дрон арқылы анықталған жасырын нысанда 50 түп қарасора өсімдігі мен есірткіні өңдеуге арналған арнайы жабдық болған.

Жамбыл облысында жасырын есірткі плантациясы жойылды: 438 келі марихуана тәркіленді
Polisia.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында «Қарасора-2026» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде құм арасында жасырылған ірі есірткі плантациясы анықталды. Полиция мен Ұлттық ұлан сарбаздары жүргізген операция барысында жүздеген келі марихуана мен атыс қаруы тәркіленді.

Жасырын нысанды анықтауға дрондар көмектескен. Ұшқышсыз аппараттар құм арасындағы күдікті аумақты байқап, кейін жедел қызметкерлер плантацияны бақылауға алған. Артынша есірткі өсірді деген күдікпен Тараз қаласының 40 жастағы тұрғыны ұсталды.

Тергеу мәліметінше, бұрын сотталған ер адам қарасораны өсіріп, оны кейін өңдеп, басқа өңірлерге көтерме көлемде жөнелтуді жоспарлаған.

Тінту кезінде екі метрлік 50 түп қарасора, 438 келі марихуана, орау материалдары мен арнайы агротехникалық жабдықтар табылды. Сонымен қатар күдіктінің көлігінен қару-жарақ тәркіленген.

Оның ішінде оқтары бар, нөмірлері өшірілген Макаров тапаншасы, 12 калибрлі «Байкал» мылтығы және оған тиесілі оқ-дәрілер болған. Есірткі шикізатын тасымалдауға пайдаланылған жол талғамайтын көлік те тәркіленді.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабы және 287-бабы бойынша қылмыстық істер қозғалды. Олар есірткі заттарын заңсыз өсіру және қаруды заңсыз сақтау деректеріне қатысты.

Ведомство мәліметінше, күдікті кінәсін мойындаған. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір есірткінің заңсыз айналымына қатысы болуы мүмкін өзге адамдарды анықтау үшін жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор