Алаяқтар Қаржылық мониторинг агенттігі атынан жалған хаттар таратып жатыр
Қаскөйлер жалған ресми хат арқылы тексеру жүріп жатқанын айтып, азаматтардың жеке мәліметтерін сұратуда.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтардың мемлекеттік органның атын жамылып, жалған ресми хаттар тарату әрекеті әлі де тоқтамағанын ескертті.
Агенттікке ҚМА атынан жіберілген кезекті жалған хат туралы ақпарат түскен. Қаскөйлер мемлекеттік органға жолдаған құжатта азаматқа қатысты тексеру жүргізіліп жатқанын көрсетіп, оның жеке мәліметтерін, мінездемесін және басқа да ақпаратты сұратқан.
Алаяқтар бұған дейін де осыған ұқсас тәсілді қолданған. Алдымен азаматтарға мемлекеттік орган атынан жасалған жалған құжат жіберіп, кейін телефон немесе мессенджер арқылы байланысқа шыққан. Олар өздерін ҚМА қызметкері ретінде таныстырып, түрлі сылтаумен жеке және банк деректерін алуға немесе ақша талап етуге әрекет жасаған.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды мұндай хабарламаларға сақтықпен қарауға шақырды. Ведомствоның ресми хаттары белгіленген тәртіппен ғана жолданады.
ҚМА қызметкерлері телефон арқылы азаматтардан банк шоттарының деректерін беруді немесе ақша аударуды талап етпейді. Сондықтан қандай да бір құжатта мемлекеттік органның логотипі, мөрі немесе қолтаңбасы болғанына ғана сүйеніп, оның шынайылығына көз жеткізбей сенуге болмайды.
Күмәнді хат алған жағдайда оның рас-өтірігін ҚМА-нің ресми байланыс арналары арқылы тексеру қажет. Бейтаныс адамдарға жеке және банк деректерін беруге, сондай-ақ олардың нұсқауымен ақша аударуға болмайды.
Күмән туындаса, азаматтар ҚМА-нің 1458 нөмірлі Call-орталығына немесе +7 (7172) 70-84-79 телефоны арқылы Кезекші бөлімге хабарласа алады.
Агенттік азаматтар мен ұйымдарды алаяқтардың жаңа тәсілдерінен сақ болып, күмәнді талаптарды орындамауға шақырды.
Материал авторы