822

Семейде 13 жастағы оқушы сыныптасын 15 рет пышақтаған

Ауыр жарақат алған оқушы көршілерінің үйіне өз бетімен жетіп, көмек сұраған.

Семейде 13 жастағы оқушы сыныптасын 15 рет пышақтаған
КТК

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семейде 13 жастағы екі сыныптастың арасындағы жанжалдан кейін оқушылардың екеуі де ауруханаға жеткізілді. Олардың біріне шамамен 15 пышақ жарақаты тиген. Дәрігерлер бірнеше сағат бойы операция жасап, жасөспірімнің өмірін сақтап қалды. Бұл туралы КТК телеарнасы жазды.

Оқиға мектептен тыс жерде болған. Тоғызыншы сыныпта оқитын екі дос сабақтан кейін мектеп маңында бірге ойнамақ болған. Бұдан кейін олардың арасында не болғанын қазір тергеушілер анықтап жатыр.

Жарақат алған оқушылардың бірі жағдайы ауыр болса да, көршілерінің үйіне өз бетімен жетіп, көмек сұраған. Кейін ол ауруханаға жеткізілді.

Зардап шеккен баланың туысы Ләззат Камзаеваның айтуынша, жасөспірімге көптеген жарақат салынған. Қазір оның жағдайы тұрақталған.

Дәрігерлердің мәліметінше, балаға шұғыл операция жасалған. Ота төрт сағатқа жуық уақытқа созылып, одан кейін оқушы үш тәулік жансақтау бөлімінде болған. Қазір оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр.

Екінші жасөспірім де медициналық көмекке жүгінген. Дәрігерлер оның жарақаттарын өңдегеннен кейін үйіне жіберген.

Тергеу барысында оқиғаның бірнеше нұсқасы қарастырылып жатыр. Солардың біріне сәйкес, жасөспірімдер пышақ тауып алып, онымен ойнаған болуы мүмкін. Болжам бойынша, балалардың бірі екіншісін абайсызда жарақаттап алған, кейін арада жанжал туып, екінші оқушы оған бірнеше рет пышақ сұққан. Алайда бұл нұсқа әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Оқушылар білім алатын Семейдегі №52 мектеп әкімшілігі екі баланың да бұған дейін құқық бұзушылық бойынша есепте тұрмағанын хабарлады. Олар бір сыныпта оқып, жақсы араласқан.

Мектеп өкілдерінің айтуынша, оқиға түскі уақыттан кейін, балалар мектептен шығып кеткен соң болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жағдай түсініспеушіліктен туындаған.

Полиция екі адамның дене жарақаттарымен ауруханаға түскені туралы хабарлама алғанын мәлімдеді. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Жарақат алған оқушы ауруханада ем қабылдап жатыр. Екінші жасөспірім үйінде, оған қатысты қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Тергеу дене жарақатын салу фактісі бойынша жалғасып жатыр.

Материал авторы