«Тамақ іше алмай қалдым»: Аша Матай депутаттыққа түскеннен кейін қатты қиналғанын айтты
Өнер иесі депутаттыққа кандидат болған уақытында ұйқысы мен тәбеті бұзылып, жылаған күндері де болғанын жасырмады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әнші әрі тележүргізуші Аша Матай Құрылтай депутаттығына кандидат болған кезінде қоғам тарапынан айтылған сынның өзіне ауыр тигенін айтты.
Өнер иесі саясатқа араласқаннан кейін көпшіліктің назарында болды. Әсіресе журналистердің заң жобаларына қатысты сұрақтарына берген жауаптары әлеуметтік желіде кең талқыланып, оған түрлі сын айтылды.
Аша Матай сол кезеңді оңай өткермегенін мойындады. Оның айтуынша, қоғамның назары мен сын-пікірлер психологиялық тұрғыда ауыр әсер еткен.
«Ұйықтай алмай, тамақ іше алмай қалған кездерім болды. Менің жүрегім нәзік, өнер адамымын ғой. Жылаған күндер де болды. Бәрі артта қалды. Бір өліп, бір тірілгендей болдым», – деді ол.
Сайлау қорытындысында Қазақстан Халық партиясы 3,11 пайыз дауыс жинап, Құрылтайға өту үшін белгіленген 5 пайыздық межеден аса алмады. Осылайша Аша Матай да депутаттық мандатқа ие болған жоқ.
Оның депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылуы қоғамда біршама уақыт қызу пікірталас тудырған. Бір тарап өнер адамдарының саясатқа араласуын сынға алса, екінші тарап кез келген азаматтың қоғамдық-саяси өмірге араласуға құқығы бар екенін айтқан.
Кейін Аша Матай өзін ашық пікірталасқа шақырған заңгер Мейірман Шекеевтің ұсынысын қабылдамаған. Тележүргізуші мұны анасының тәрбиесімен түсіндірді.
«Анамның үйреткені – қазақ қызына жеке пікірін дәлелдеу үшін ер адаммен, оның үстіне ел ағасы жасындағы кісімен сөз таластыру жараспайды. Айтарым да, арманым да бар. Дегенмен тәрбием жібермейді. Дұрыс түсінесіздер деп ойлаймын. Көкірегімді дәлелдеу үшін дауласуға жоқпын», – деген еді Аша Матай.
Сонымен қатар ол өзіне қарсы пікір білдірген азаматтарды пікірталаста бір-бірін жеңуге емес, ел игілігі жолында ортақ мақсатқа жұмыс істеуге шақырды.
Материал авторы