Прокурор актер Нұрсұлтан Жақсыгенге 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады
Іс бойынша жәбірленуші, әзілкештің бұрынғы әйелі Фариза Алмасқызы прокурордың талап еткен жазасын жариялады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, актер әрі блогер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық іс бойынша прокурор үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.
14 қыркүйекте өткен сот отырысы жабық форматта ұйымдастырылған. Іс бойынша жәбірленуші Фариза Алмасқызы сот отырысына онлайн қатысып, мемлекеттік айыптаушының талабын жариялады.
«Бүгін, 14 қыркүйекте Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты сот отырысы өтті. Біз онлайн қатыстық. Сот барысында прокурор Нұрсұлтан Жақсыгенді 3 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Бірақ әлі соңғы шешім шыққан жоқ. Үкім 16 қыркүйекте белгілі болады», – деді ол.
Актер бұрынғы жұбайына қатысты жағымсыз ақпарат таратып, оның ар-намысына нұқсан келтірді деген айыппен сот алдында жауап беріп жатыр. Соттың соңғы шешімі 16 қыркүйекте жарияланады деп күтілуде.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Нұрсұлтан Жақсыгеннің бұрынғы жарына қатысты балағат сөздер айтып, оның жеке өміріне қатысты жазбалар жариялағаны қызу талқыланған. Осыдан кейін Фариза Алмасқызы экс-жұбайының үстінен арыз түсіргенін мәлімдеген.
Жәбірленуші бұған дейін актерге қатысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтқан. Оның сөзінше, іс Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы және 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша тіркелген.
Ал Нұрсұлтан Жақсыген өзіне қатысты даулы жазбаларды өзі жарияламағанын мәлімдеді. Актер оның атынан жалған парақшалар ашылғанын айтып, сотта сараптама жүргізіліп жатқанын жеткізген.
«Сот сараптама жүргізіп жатыр. Қазір менің атымнан көптеген жалған парақша ашылған. “Бодимассаж жасайды” деген пікірді мен жазған жоқпын, ол жалған. Мен тек балаларды көрсет деген сияқты пікірлер қалдырдым», – деді актер.
Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық істі Алматы облысының Қарасай аудандық соты қарап жатыр.
Материал авторы