Алматыда кафедегі жанжалдан кейін прокурор ұсталды деген ақпарат тарады
Әлеуметтік желіде аудан прокурорының кафедегі жанжалдан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалғаны туралы ақпарат тараған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда прокуратура қызметкерінің ойын-сауық орнындағы жанжалға қатысқаны туралы ақпарат тарады. Оқиғаға қатысты полиция тексеру жүргізіп жатыр.
Әлеуметтік желіде 15 қыркүйекте тараған жазбада Еңбекшіқазақ ауданының аға прокуроры 5 қыркүйекте Алматыдағы ойын-сауық орындарының бірінде жанжал шығарғаны айтылған. Жазба авторы оның полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындаудан бас тартқанын және мас күйінде болуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Сондай-ақ әлеуметтік желідегі ақпаратта прокуратура қызметкерінің полицияға жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалғаны, кейін босатылғаны жазылған. Алайда бұл мәліметтердің барлығы әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Желіде аудан прокуратурасының басшысы өз қызметкеріне көмектесіп, полицияның процессуалдық шаралар қолдануына ықпал етуі мүмкін деген болжам да айтылған. Бұл ақпарат та ресми органдар тарапынан расталмаған.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қаланың дәмханаларының бірінде жанжал болғаны туралы «102» арнасына хабар түскен.
«Оқиғаға қатысушылар Алматы қаласы Алмалы аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Осы факті бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады», – деді Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта тексерудің нәтижесі жарияланған жоқ.
Материал авторы