«Ұлым өзін қорғады»: Семейде сыныптасына 15 рет пышақ сұққан оқушының анасы мәлімдеме жасады
Екі жасөспірімнің арасындағы жанжал төбелеске ұласып, оқиға кезінде екеуі де жарақат алған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семейде екі 13 жастағы оқушының арасындағы жанжал төбелеске ұласып, жасөспірімдер жарақат алған. Оқиғаға қатысты екінші оқушының анасы өз нұсқасын айтып, полициядан істі жан-жақты тексеруді сұрады. Бұл туралы КТК телеарнасы жазды.
Балалардың арасындағы жанжал ойын кезінде басталған. Кейін жағдай ушыққан. Оқиға барысында екі жасөспірім де жарақат алған. Олардың біріне медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілсе, екіншісі ауруханаға жатқызылған.
Екінші оқушының анасы ұлының алдымен шабуылға ұшырағанын айтып, кейінгі әрекетін өзін қорғаумен байланыстырды. Сонымен бірге ол болған жағдайға екі баланың да жауапкершілігі бар деп санайтынын жеткізді.
«Меніңше, екеуі де кінәлі. Ұлымды кінәсіз деп есептемеймін, бірақ жарақат алған баланы да кінәлі деп санаймын», – деді әйел.
Ата-аналар полициядан оқиғаның нақты қалай болғанын анықтап, жанжалға қатысқан жасөспірімдердің әрекетіне құқықтық баға беруді сұрап отыр.
Абай облысының полиция департаменті бұл факті бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Материал авторы