Актер Нұрсұлтан Жақсыген бұрынғы әйелі туралы жалған ақпарат таратқаны үшін бас бостандығынан айырылды
Нұрсұлтан Жақсыген даулы жазбаларды өзі жарияламағанын айтып, жалған парақшаларға қатысы барын жоққа шығарған еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысының Қарасай аудандық соты актер әрі шоумен Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Сот оны кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім жарияланғаннан кейін актер сот залында қамауға алынды.
Актердің бұрынғы әйелі әрі жәбірленуші Фариза Алмасқызы сот шешімі туралы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған. Оның мәліметінше, Нұрсұлтан Жақсыген жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша қаралған. Аталған норма онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты жауапкершілікті көздейді. Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы актерді үш жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.
Сонымен қатар сот Фариза Алмасқызының азаматтық талабын ішінара қанағаттандырып, оның пайдасына 5 миллион теңге өндіріп беруді міндеттеді.
Іс актердің бұрынғы жұбайына қатысты әлеуметтік желіде жарияланған даулы жазбалардан кейін қозғалған. Фариза Алмасқызы Нұрсұлтан Жақсыгеннің өзіне тіл тигізіп, жеке өміріне қатысты кемсітетін пікірлер жазғанын айтып, құқық қорғау органдарына жүгінген.
Бұған дейін ол актерге қатысты Қылмыстық кодекстің 115-1-бабы және 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы бойынша екі қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген.
Ал Нұрсұлтан Жақсыген өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, әлеуметтік желідегі даулы жазбаларды өзі жарияламағанын айтқан. Актер оның атынан жалған парақшалар ашылғанын айтып, бірқатар пікірлердің өзіне қатысы жоқ екенін мәлімдеген.
Сот ісін Алматы облысының Қарасай аудандық соты қарады.
Материал авторы