Ақтөбеде ер адам жаяу жүргіншілер өткелінде көліктердің астына түскендей болып, ақша талап еткен
Күдікті екі жүргізушіні алдап, олардың бірінен 250 мың, екіншісінен 200 мың теңге алған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде ер адам жүргізушілерден ақша алу үшін жаяу жүргіншілер өткелінде жол-көлік оқиғасын қолдан жасап, өзін көлік қағып кеткендей көрсеткен. Осы тәсілмен ол екі жүргізушіні алдап, жалпы 450 мың теңге алған.
Полицияның хабарлауынша, оқиғалар Жиенбаев пен Ташкентская көшелерінің қиылысында болған. Ер адам өткелде өзін көлік қағып кеткендей көрсетіп, жүргізушілерге денсаулығына зақым келгенін айтып, ақша талап еткен.
Тексеру барысында оның екі жүргізушіні алдағаны анықталған. Бір жағдайда жүргізуші оның сөзіне сеніп, мобильді қосымша арқылы 250 мың теңге аударған. Екінші оқиғада күдікті тағы 200 мың теңге алған.
Жүргізушілердің бірі кейін полицияға жүгінген. Тексеру нәтижесінде айтылған ақпарат расталып, ер адам күдікті ретінде танылған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Полиция жүргізушілерді жол-көлік оқиғасынан кейін жарақат алдым деп ақша талап еткен адамдарға өз бетінше өтемақы бермеуге шақырды. Ведомство мұндай жағдайда полиция шақырып, оқиғаны ресми түрде тіркеуді ұсынды.
Материал авторы