«Балаларға не үйретеді?»: Нұрлан Сабуровтың мектепке баруы сынға ұшырады
Жекеменшік мектепте оқушылармен кездескен стендап-комиктің сапары әлеуметтік желіде екіұдай пікір қалыптастырды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы KERN жекеменшік мектебіне қазақстандық стендап-комик Нұрлан Сабуров барып, оқушылармен кездесті. Білім ордасы жариялаған видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшіліктің сынына ұшырады.
Жарияланған кадрларда Нұрлан Сабуровтың мектеп оқушыларымен әңгімелесіп, олардың сұрақтарына жауап бергені және балалармен суретке түскені көрінеді. Мектеп өкілдері оны қонақ ретінде таныстырған. Алайда жарияланған материалда кездесудің нақты ағартушылық мақсаты мен мазмұны толық ашылмаған.
Осыдан кейін әлеуметтік желі қолданушылары арасында пікірталас басталды. Кейбірі мектептің оқушылармен кездесу үшін дәл осы өнер иесін таңдауына күмән келтіріп, балаларға ғалымдар, спортшылар немесе өзге де кәсіп өкілдерімен кездесудің тиімдірек екенін жазды. Жекелеген қолданушылар Оқу-ағарту министрлігінің назарын аударып, білім ордасына қатысты тексеру жүргізуді талап етті.
Сынның негізгі бөлігі Сабуровқа қатысты бұған дейін тараған даулы ақпараттарға байланысты болды. Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде оның Ресей әскери құрылымдарының өкілдеріне мотоциклдер тапсырғаны туралы видео тараған еді. Бұл ақпаратқа қатысты Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті тексеру жүргізген.
Бұған дейін Сабуровтың Ресейге кіруіне 50 жылға тыйым салынғаны туралы да ақпарат тараған. БАҚ бұл шешімнің ықтимал себептері ретінде оның Украинадағы соғысқа қатысты сыни пікірлерін, сондай-ақ көші-қон және салық заңнамасына байланысты болжамды мәселелерді атаған. Бұл мәліметтерге қатысты әртүрлі нұсқалар айтылған.
Кейін әлеуметтік желіде комиктің «Вагнер» құрылымына қатысы бар бөлімшеге 10 мотоцикл тапсырғаны туралы видео пайда болды. Осыған байланысты белсенді Марат Турымбетов Қазақстанның Бас прокуратурасына жүгініп, материалды тексеруді сұраған. Бас прокуратура өкілдері мәселенің Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құзыретіне жататынын айтқан.
Кейін ҰҚК Сабуровтың мотоциклдерді «Вагнер» өкілдеріне беруі туралы ақпаратқа қатысты тексеру жүргізіп жатқанын хабарлаған. Кейін ведомство бұл тексерудің аяқталғанын мәлімдеген.
Сабуровтың оқушылармен кездесуі аясындағы сынға қарамастан, әлеуметтік желілерде комикті қолдаған пікірлер де болды. Олардың авторлары оның танымал қазақстандық стендап-комик екенін айтып, мектептегі кездесуге қатысты өзге көзқарас білдірген.
Материал авторы