3466

АҚШ-та ұсталған қазақстандық әйелге адвокат жалданды

Флоридада ұсталған әйелдің жағдайы туралы ақпарат бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған болатын.

АҚШ-та ұсталған қазақстандық әйелге адвокат жалданды
iStock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ-тың Флорида штатында миграциялық мәртебесіне байланысты ұсталған Қазақстан азаматына адвокат жалданды. Оның заңды құқықтарын енді қорғаушы қорғайды. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов мәлімдеді.

СІМ өкілінің айтуынша, қазақстандық әйелдің АҚШ-та заңды миграциялық мәртебесі болмаған. Ол ел аумағында бірнеше жыл тұрған.

«Оның АҚШ-та заңды миграциялық мәртебесі жоқ. Сонымен қатар ол елде бірнеше жыл бойы тұрған. Қазір оған адвокат жалданды. Қорғаушы оның заңды құқықтарын қорғайды», – деді Жанболат Үсенов.

Қазақстанның консулдық қызметкерлері ұсталған азаматшаның отбасымен байланыс орнатқан. Сонымен бірге олар АҚШ-тың мемлекеттік органдарымен байланыс жасап, қажетті консулдық қолдау көрсетіп жатыр.

«Жағдай оң шешімін табады деп үміттенеміз», – деді СІМ өкілі.

Қазақстандық әйелдің ұсталғаны туралы ақпарат бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған. Кейін Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұл деректі растаған.

СІМ мәліметінше, азаматша Флорида штатында АҚШ-тың иммиграциялық қызметі тарапынан елде заңды миграциялық мәртебесінің болмауына байланысты ұсталған. Қазақстандық дипломаттар сол сәттен бастап АҚШ билігімен және оның отбасымен байланыста болып, консулдық көмек көрсетіп келеді.

Материал авторы