«Жеңілдеткені дұрыс»: Гүлзира Айдарбекова сотталған актер Нұрсұлтан Жақсыгенді жақтады
Гүлзира Айдарбекова Жақсыгенді жақын танымайтынын, бірақ оның артында ата-анасы мен бала-шағасы барын ескергенін жеткізді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, продюсер Гүлзира Айдарбекова актер әрі блогер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты сот үкіміне пікір білдіріп, оған тағайындалған жазаны жеңілдетуге болар еді деп санайтынын айтты.
Айдарбекова әлеуметтік желідегі жазбасында Жақсыгенді жақын танымайтынын атап өтті. Дегенмен оның ата-анасы мен отбасы барын ескеріп, сотталған азаматқа бұдан жеңілірек жаза тағайындалса деген пікір білдірді.
Продюсер Жақсыгеннің жауапкершіліктен мүлде босатылуын қолдамайтынын да нақтылаған. Оның сөзінше, сот белгілеген 2 жыл 3 айдың орнына қысқарақ мерзім қарастыруға болар еді.
«Жазасын алу керек, бірақ кішкене жеңілдетіп, 2 жарым жыл емес, 1 жыл да жеткілікті ме дегенім ғой. Ол жақтан түзеліп емес, қаны безер болып, бұзылып келуі де мүмкін ғой», – деп жазды Гүлзира Айдарбекова.
Ол Жақсыгеннің қандай адам екенін толық білмейтінін де атап өтті. Айдарбекованың айтуынша, оның мақсаты – сотталған азаматтың отбасы үшін жағдайдың ауырлап кетпеуін тілеу.
Еске салайық, Алматы облысы Қарасай аудандық соты Нұрсұлтан Жақсыгенді Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігі 3-тармағында қарастырылған, яғни онлайн-платформаларды пайдаланып көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша кінәлі деп таныған.
Сот үкімімен актер 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынған. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді.
Материал авторы