Нұрсұлтан Жақсыгеннің бұрынғы әйелі сот үкімінен кейін алғаш рет пікір білдірді
Сот Фариза Алмазқызының пайдасына 5 млн теңге өндіріп алуды міндеттеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Нұрсұлтан Жақсыгеннің бұрынғы әйелі Фариза Алмазқызы актерге қатысты сот үкімі шыққаннан кейін қазақстандықтарға алғыс айтты. Ол өзіне қатысты жалған ақпарат тарату ісінің шешіміне пікір білдірді.
Фариза Алмазқызы өзіне қатысты көпшілік алдында айтылған айыптаулардың ауыр тигенін жеткізді. Оның айтуынша, ол екі баланы тәрбиелеп, жұмыс істеп, отбасын өзі қамтамасыз етіп отырғандықтан, атына қатысты сөздер оның ар-намысына ерекше әсер еткен.
«Мені еш кінәсіз қаралап, бүкіл ел алдында қорлаған кезде, сіздер маған үлкен қолдау көрсеттіңіздер. Сондықтан бұл жеңіс тек менің емес, барлық қазақ қызының жеңісі деп санаймын», – деді ол.
Бұрынғы жұбайы халықтың қолдауы әділдікке жетуге күш бергенін айтып, қиын кезеңде өзіне алаңдап, қолдау көрсеткен азаматтарға ризашылығын білдірді.
Бұған дейін Алматы облысының Қарасай аудандық соты Нұрсұлтан Жақсыгенді онлайн-платформалар арқылы көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған.
Сонымен қатар сот Фариза Сабыралиеваның азаматтық талабын ішінара қанағаттандырды. Сот шешімі бойынша Жақсыгеннен оның бұрынғы әйелінің пайдасына 5 млн теңге өндіріп алу белгіленді.
Материал авторы