«Менің толық екеніме күледі»: Солтүстік Қазақстанда оқушы мектептегі буллинг туралы ашық айтты
Петропавлда оқушы бірнеше жыл бойы қатарластары мазақ еткенін айтып жылады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Петропавлда оқушының мектептегі буллингке шағымданған видеосы әлеуметтік желіде тарады. Кадрларда бала әкесімен сөйлесіп отырып, екі қатарласының бірнеше жылдан бері өзін мазақтап жүргенін айтқан.
«Письма президенту» Telegram-арнасының мәліметінше, Петропавлдағы мектептердің бірінде оқитын баланың ата-анасы ұлдарын екі оқушы төрт жылдан бері тұрақты түрде келемеждеп жүргенін айтқан.
Әкесі баласымен болған әңгімені видеоға түсірген. Жазбада оқушы жылап отырып, қатарластарының сырт келбетіне байланысты оны мазақтайтынын айтып, жағдайдан әбден шаршағанын жеткізеді.
Ата-ананың шағымынан кейін Солтүстік Қазақстан облысының полициясы тексеру жұмыстарын бастап, қазір оны жалғастырып жатыр.
«Кәмелетке толмағандар полициясының қызметкерлері мектеп әкімшілігімен бірлесіп, жағдайдың мән-жайын анықтап, оған қатысушылардан жауап алып жатыр. Жұмысқа барлық мүдделі мемлекеттік органдар тартылды», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Полиция тексеру аяқталған соң анықталған фактілерге құқықтық баға берілетінін мәлімдеді. Сонымен қатар жағдай департамент басшылығының жеке бақылауында екені айтылды.
Материал авторы