1931

«Ана да, әке де болуға тырыстым»: бетперде киген азамат 18 жастағы қызға қолдау көрсетті

Шахзода отбасының баспанасы жоқ екенін және інілері мен сіңлілерінің тағдырына алаңдайтынын айтып, өміріндегі қиындықтарды бөлісті.

«Ана да, әке де болуға тырыстым»: бетперде киген азамат 18 жастағы қызға қолдау көрсетті
instagram.com/chelovekvmaskee

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 18 жастағы Шахзода отбасының қиын жағдайы туралы айтып, өміріндегі ауыртпалықтарымен бөлісті. Жүрек жеткіліксіздігімен ауыратын қыздың сөзін тыңдаған бетперде киген азамат оған және бауырларына қолдау көрсететінін мәлімдеді.

Шахзоданың айтуынша, оған жүрек жеткіліксіздігінің ауыр түрі диагнозы қойылған. Отбасында төрт бала бар, ол – үлкені. Оның сөзінше, отбасының жеке баспанасы жоқ.

«Менің жасым 18-де, жүрегім қатты ауырады. Біз үйде төрт баламыз, мен үлкенімін. Өз баспанамыз жоқ», – деді қыз.

Шахзода 16 жастағы сіңлісі даяшы болып жұмыс істеп, оның емделуіне қаржылай көмектесіп жүргенін айтты.

Қыздың әкесі екі жыл бұрын жүрек жеткіліксіздігінен қайтыс болған. Анасының басқа отбасы бар екенін айтқан Шахзода қазіргі уақытта кәмелетке толмаған бауырларына қамқорлық жасайтын адам жоқ екенін жеткізді. Оның сөзінше, осыған байланысты оларды балалар үйіне орналастыру мәселесі көтерілген.

Шахзода бауырларын қорғауға тырысып, оларға ата-анасының орнын басуға ұмтылғанын айтты.

«Мен оларды қорғауға тырыстым. Оларға әрі ана, әрі әке болуға тырыстым», – деді ол.

Қыздың әңгімесінен кейін бетперде киген азамат отбасына көмек көрсетуге уәде беріп, бірнеше ақ конверт табыстаған.

Ол бұл қаражаттың Шахзоданың емделуіне, бауырларымен бірге білім алуына және баспана мәселесін шешуге мүмкіндік беретінін айтқан.

«Кейде балалар ең жақын адамдарынан айырылып қалады. Бірақ Жаратушы оларға сүйеніш болатын адамдарды жібереді», – деді ол.

Материал авторы