2128

Көкшетауда 27 жастағы сот қызметкерінің өлімі тергеліп жатыр

Марқұмның отбасы оған моральдық-психологиялық қысым жасалғанын айтып, қайғылы жағдайды жан-жақты тексеруді сұрады.

Көкшетауда 27 жастағы сот қызметкерінің өлімі тергеліп жатыр
threads.com/@zhanara____01

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Көкшетауда қалалық сот әкімшілігінің 27 жастағы басшысы қаза болды. Ақмола облысының полиция департаменті оның өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеу бастаған.

Қайғылы жағдай жайлы ақпарат әлеуметтік желіде тараған. Threads желісіндегі жазбада марқұмның адал, жауапты әрі өз ісіне берілген маман болғаны айтылған. Ол кәсіби білімі мен еңбегінің арқасында қызметінде біртіндеп өсіп, республикалық деңгейде де бірқатар жетістікке жеткен.

Жақындарының мәліметінше, 27 жастағы азаматтың кәсіби жоспарлары көп болған. Ол судья атанып, заң саласындағы қызметін жалғастыруды мақсат еткен.

Алайда отбасы өкілдері соңғы уақытта оған тұрақты түрде моральдық және психологиялық қысым көрсетілгенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, марқұмға өз міндетін тыныш атқаруға мүмкіндік берілмеген. Сонымен қатар отбасы оның үстінен әділетсіз тәртіптік жаза қолданылған деп есептейді.

Әлеуметтік желідегі жазбада марқұмның қызметтік пәтерде небәрі бірнеше ай тұрғаны, кейін оны мәжбүрлі түрде шығару мәселесі көтерілгені де айтылған.

Отбасы қайғылы жағдайдың барлық мән-жайын толық анықтап, жан-жақты тергеу жүргізуді талап етті.

Марқұмның артында декреттік демалыстағы жас әйелі, бір және үш жастағы екі баласы қалды. Сондай-ақ оның ата-анасы, әпкелері мен інісі бар.

Ақмола облысы полиция департаментінің хабарлауынша, қазір қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу мүддесіне байланысты әзірге өзге ақпарат жарияланбайды.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор