2335

Алматыдағы Wildberries нысанындағы тінтуге қатысты Бас прокуратура түсініктеме берді

Прокуратура мердігер мен қосалқы мердігер арасындағы даудың азаматтық-құқықтық сипатта болғанын анықтады.

Алматыдағы Wildberries нысанындағы тінтуге қатысты Бас прокуратура түсініктеме берді
Shutterstock

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда Wildberries компаниясының ірі логистикалық орталығын салу кезінде жүргізілген тінтуге байланысты Бас прокуратура түсініктеме берді. Тексеру нәтижесінде инвесторды қылмыстық қудалауға негіз болмағаны анықталған.

Инвестор бұған дейін құрылыс жүріп жатқан нысанда тергеу әрекеттерінің жүргізілгеніне шағымданған. Атап айтқанда, аумақта тінту өтіп, құрылыс техникасына мөр басылған. Бұл жағдай инвестициялық жобаның әрі қарай іске асуына қауіп төндіруі мүмкін болған.

Осыған байланысты Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің тапсырмасымен Алматы прокуратурасы қылмыстық істің тіркелуінің және қабылданған процестік шешімдердің заңдылығын тексерді.

Тексеру барысында дау құрылыс жұмыстарын орындау кезінде мердігер мен қосалқы мердігер арасында туындағаны және оның азаматтық-құқықтық сипатта болғаны анықталды. Осыған орай инвесторды қылмыстық қудалауға негіз болмаған.

Комитет прокуроры Рауан Әлмишевтің айтуынша, прокуратураның араласуы нәтижесінде инвестордың құқықтары досудық тергеу кезеңінің өзінде қорғалған. Қылмыс құрамы болмағандықтан, 2026 жылғы 2 қыркүйекте қылмыстық іс тоқтатылған.

Сонымен қатар іске қатысы бар кінәлі лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі көтерілген.

Комитет қылмыстық-процестік шаралар бизнеске қысым жасау құралына айналмауы және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға негізсіз кедергі келтірмеуі керектігін атап өтті.

Материал авторы