Ақмола облысында пойыз жолына мал шығып, 13 бас теміржол көлігіне соғылды
Машинист шұғыл тежегішті іске қосқанымен, теміржолдағы малмен соқтығысудың алдын алу мүмкін болмаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысында «Петропавл – Алматы» бағытындағы жолаушылар пойызының алдына мал шығып, соқтығыс болды. Оқиға салдарынан 13 бас мал қырылған, ал пойыз тоғыз минутқа тоқтаған.
Оқиға 13 қыркүйекте Макинка – Елтай аралығында болған. Машинист теміржолға ұсақ малдың шыққанын байқап, шұғыл тежегішті іске қосқан. Алайда пойызды толық тоқтатып үлгеру мүмкін болмай, малмен соқтығысқан.
Оқиғадан кейін пойыз тоғыз минут аялдаған. Көлік полициясы теміржолға шыққан жануарлардың иесін анықтады. Ол Ақмола облысының 63 жастағы тұрғыны болып шыққан.
Полиция мәліметінше, ер адам теміржолдың бөлінген жолағында мал жаю ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көлік полициясының дерегіне сәйкес, жыл басынан бері пойыздардың шұғыл тежелуіне байланысты 1005 жағдай тіркелген. Оның 746-сында теміржол жолына ауыл шаруашылығы жануарларының шығуы себеп болған.
Құқық қорғау органдары мал иелерін жануарларды теміржол маңында қараусыз қалдырмауға және олардың теміржолдың бөлінген жолағына шығуына жол бермеуге шақырды.
Материал авторы