«Даланың ортасында жалғыз»: машинист теміржол жанынан төрт жасар баланы тауып алды
Машинист пойызды тоқтатып, баланы локомотив кабинасына алып, болған жағдай туралы диспетчерге хабарлаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанның оңтүстігінде жүк пойызының машинисі теміржол маңындағы далада жалғыз жүрген төрт жасар баланы байқап, оны қауіпсіз жерге жеткізді. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» компаниясының баспасөз қызметі жазды.
Оқиға Сарыөзек – Үштөбе теміржол учаскесінің Тауарасы – Айнабұлақ аралығында болған. Машинист теміржолға жақын маңда Айнабұлақ станциясына қарай жалғыз келе жатқан баланы көрген.
Пойыз шамамен 38 км/сағат жылдамдықпен қозғалып келе жатқан. Машинист қызметтік тежеу қолданып, құрамды тоқтатқан соң баланы локомотив кабинасына алып, жағдай туралы пойыз диспетчеріне хабарлаған.
Кейін төрт жасар бала Айнабұлақ станциясының кезекшісіне тапсырылды. Станция қызметкері баланың ата-анасымен байланысып, баланы оларға аман-есен жеткізген.
Материал авторы