Семейде 19 жастағы студент қызды танысы өлтіріп кетті
Полиция қаза болған қыз бен күдіктінің бір-бірін танығанын хабарлады, ал оқиғаның нақты мән-жайы тергеліп жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семейдің шетіндегі Водный кентінде 19 жастағы колледж студенті қаза тапты. Полиция күдіктіні оқиға болғаннан кейін көп ұзамай ұстап, қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы КТК телеарнасы жазды.
Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға қыз тұрған үйдің маңында болған. Жас қыз бен 24 жастағы танысы арасында жанжал туындаған. Полицияның хабарлауынша, қақтығыс кезінде қыз жарақат алып, оқиға орнында көз жұмған.
Оқиға куәгерлерінің айтуынша, олар алдымен айғай-шуды естіген. Кейін көшеге шыққанда ауыр жарақат алған қызды көрген. Оған жедел жәрдем келгенге дейін көмек көрсетуге әрекет жасалған.
Оқиғадан кейін күдікті қашып кетуге тырысқан. Алайда полиция оны ізін суытпай ұстаған.
Семей қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары Ержан Аққалиевтің мәліметінше, 21 қыркүйекте адам өлімі фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Күдікті анықталып, ұсталған. Ол — 24 жастағы аудан тұрғыны. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторында.
Полиция қаза болған қыз бен күдіктінің бір-бірін танығанын хабарлады. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы тергеу барысында анықталады.
Қаза болған қыз Семейдегі «Қайнар» колледжінің үшінші курсында оқыған. Оқу орнының өкілдері оны тәрбиелі, сабағын жақсы оқыған студент ретінде сипаттады. Оның фотосы колледждің құрмет тақтасына да орналастырылған.
Колледж әкімшілігінің мәліметінше, қайғылы оқиға болған күні таңертең қыз сабаққа келген. Кейін оқу орнының өкілдері оның туыстарына көңіл айту үшін үйіне барған.
Материал авторы