2660

«Екі салмақта әлем чемпионы боламыз»: Жәнібек Әлімханұлы қарсыласына үн қатты

Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жегі жарияланғаннан кейін мәлімдеме жасады.

«Екі салмақта әлем чемпионы боламыз»: Жәнібек Әлімханұлы қарсыласына үн қатты
instagram.com/janibek_alimkhanuly

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, жеңілмеген қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 KO) Дания өкілі Якоб Банкпен (20-0, 11 KO) әлем чемпионы атағы үшін өтетін жекпе-жекке қатысты пікір білдірді.

Әлімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасында қарсыласы анықталғанын айтып, алдағы жекпе-жекке дайын екенін жеткізді. Қазақстандық спортшы жаңа салмақта бірден әлем чемпионы атағы үшін шаршы алаңға шығатынын атап өтті.

«Қарсылас анықталды! Егер ол қорқақтың жолын қайталамай, жекпе-жекке келіссе, бізді үлкен шоу күтіп тұр. Жаңа салмақ дәрежесі және бірден чемпиондық жекпе-жек! Егер тағдыр жазса, екі салмақта әлем чемпионы атанамыз!» – деп жазды боксшы.

Бұған дейін WBO ұйымы екінші орта салмақтағы бос әлем чемпиондық атағы үшін Жәнібек Әлімханұлы мен Якоб Банк арасында жекпе-жек өткізу жөнінде келіссөз бастауды тапсырған болатын.

WBO президенті Густаво Оливьери әлеуметтік желідегі парақшасында екі тарапқа келісімге келу үшін 15 күн берілгенін хабарлады. Егер осы мерзім ішінде жекпе-жекті өткізу жөнінде ортақ шешім қабылданбаса, айқас промоутерлік саудаға шығарылмақ. 

Материал авторы