1325

СҚО-да жүкті әйелін ұрып, тұншықтырып, қорқытып келген ер адам түрмеге қамалды

Сот ер адамның әйеліне бірнеше рет күш көрсетіп, оны қорқытып, медициналық көмек алуына кедергі келтіргенін анықтады.

СҚО-да жүкті әйелін ұрып, тұншықтырып, қорқытып келген ер адам түрмеге қамалды
pixabay.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысында жүкті әйеліне бірнеше ай бойы физикалық және психологиялық қысым көрсеткен ер адам төрт жылға бас бостандығынан айырылды. Ол әйелін ұрып-соғып, қорқытып, медициналық көмекке жүгінуіне кедергі келтірген. Бұл туралы Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот жазды.

Сот материалдарына сәйкес, Т. есімді азамат 2024 жылдың тамызы мен қазаны аралығында жүкті әйеліне бірнеше рет күш көрсеткен. Ол әйелінің басынан, бетінен, иығы мен ішінен ұрып, тұншықтырған, үй ішінде ұстап, қорқытып, сырттан көмек алуына кедергі келтірген.

Ер адам жүкті әйелінің мойнына шаңсорғыштың сымын байлап, оны белгілі бір уақыт бойы босатпай ұстаған. Сонымен қатар жәбірленушінің медициналық көмекке жүгінуіне мүмкіндік бермеген.

Бірінші инстанция соты ер адамды Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 3-тармағында көзделген, көрінеу жүкті әйелді азаптау қылмысы бойынша кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Апелляциялық сот бұл үкімді өзгеріссіз қалдырған.

Кейін іс Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сотта қаралды. Сот алқасы сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған және зерттелген дәлелдердің жиынтығымен толық дәлелденген деген қорытындыға келді.

Жәбірленушінің көрсетулері куәгерлердің жауаптарымен, оқиғаға қатысты бейнежазбамен, медициналық құжаттармен және сот сараптамаларының қорытындыларымен сәйкес келген. Сараптамалар әйелдің денесіндегі жарақаттарды және оның жүктілігін растаған.

Кассациялық сот жазаны жеңілдетуге құқықтық негіз жоқ екенін атап өтті. Сот тағайындалған төрт жылдық жаза қылмыстың ауырлығына сай әрі әділ деп бағалап, бұрынғы сот шешімдері мен үкімді өзгеріссіз қалдырды. 

Материал авторы