Каспийде қаза тапқан әскери қызметшілердің өлімін Үкімет комиссиясы тергейді
Алдын ала мәлімет бойынша, жаттығу кезінде 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен, олардың тоғызы қаза тапқан.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында Каспий теңізіндегі әскери жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің өліміне қатысты Үкіметтік комиссия құрылды. Оған Премьер-министрдің өкімімен Қанат Бозымбаев жетекшілік етті. Бұл туралы Қазақстан Үкіметінің баспасөз қызметі жазды.
Комиссияның құрамына Қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің өкілдері, Бас әскери прокурор және Шекара қызметінің өкілдері кірді.
Премьер-министр комиссия төрағасы Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, жұмысты дереу бастауды тапсырды. Комиссия әскери қызметшілердің қаза болу себептерін жан-жақты анықтап, оқиғаның барлық мән-жайын тексеруі тиіс. Сонымен қатар қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек көрсетілуі керек.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысының Каспий жағалауында Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған. Қорғаныс министрлігінің алдын ала мәліметінше, теңізге 19 әскери қызметшіні алып кеткен. Олардың тоғызы қаза тапқан, үшеуі құтқарылған. Құтқарылғандардың біреуі ауруханаға жеткізілді, қалған әскери қызметшілерді іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің теңізге кетуіне метеорологиялық жағдайдың күрт нашарлап, желдің күшеюі себеп болғанын хабарлады. Оқиға орнында Әскери-теңіз күштері, Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметтері, авиация және басқа да тиісті құрылымдар жұмыс істеп жатыр.
Бұған қоса, Ақтау гарнизонында әскери қызметшілердің оқу-жаттығу кезінде қаза болу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп, ішкі істер органдарының, Төтенше жағдайлар министрлігі мен прокуратура қызметкерлері тергеу жүргізіп жатыр. Қажетті сот сараптамалары тағайындалған.
Тергеу барысы ерекше бақылауға алынған.
Материал авторы