Каспийде жоғалған екі әскери қызметшіні іздеуге жүздеген құтқарушы жұмылдырылды
Маңғыстау жағалауындағы операцияға 252 адам, 34 арнайы техника, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер және 20-дан астам әуе кемесі қатысып жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінде жоғалған екі әскери қызметшіні іздеу операциясы тәулік бойы жалғасып жатыр. Ауқымды жұмыстарға жүздеген құтқарушы, әскери сүңгуірлер мен авиация тартылған. Бұл туралы Қазақстанның Қорғаныс министрлігі жазды.
Үкіметтік комиссияның тапсырмасымен Каспий акваториясында іздеу-құтқару жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр. Комиссияға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етеді.
Оқиға орнындағы іздеу жұмыстарына тікелей Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов басшылық жасап отыр. Оперативтік штабтың құрамына Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері кірген.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, операцияға 252 адам, 34 арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер жұмылдырылған. Сонымен қатар іздеу жұмыстарына 20-дан астам әуе кемесі, оның ішінде төрт тікұшақ қатысып жатыр.
Мамандар теңіз аумағын, жағалау белдеуін және оған іргелес аумақтарды әуеден және суда тұрақты бақылап, тексеріп жатыр.
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Арнайы комиссия әскери қызметшілердің теңізге кетуіне әкелген барлық себеп пен жағдайды анықтау үшін тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге қажетті материалдық әрі психологиялық көмек көрсетіледі.
Еске салайық, әскери-жауынгерлік міндетті орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің екпіні күшеюінен 17 әскери қызметшіні ашық теңізге алып кеткен. Үшеуі құтқарылды. 12 әскери қызметші қаза тапты, ал қалған екі әскери қызметшіні іздеу әлі жалғасып жатыр.
Материал авторы