2074

Тоқаев Путинге Каспийдегі әскери жаттығуда қаза тапқан сарбаздарға қатысты көңіл айтуы үшін алғыс білдірді

Мемлекет басшысы ел үшін ауыр сәтте Ресей басшысы мен халқының қолдауын ерекше атап өтті.

Тоқаев Путинге Каспийдегі әскери жаттығуда қаза тапқан сарбаздарға қатысты көңіл айтуы үшін алғыс білдірді
Ақорда

 SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге Каспий теңізіндегі әскери жаттығу кезінде қаза тапқан қазақстандық әскери қызметшілерге байланысты көңіл айтқаны үшін алғыс білдірді. Бұл туралы Ақорда жазды.

Ақорда мәліметінше, Тоқаев Қазақстан үшін ауыр кезеңде Ресей басшысы мен халқының шынайы көңіл айтуы мен қолдауын жоғары бағалайтынын атап өткен.

Бұған дейін Владимир Путин Қазақстан Президентіне және қаза тапқан әскери қызметшілердің жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдаған болатын.

Қайғылы жағдай 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу кезінде болды. Ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен әскери қызметшілердің бір бөлігі теңізге ағып кеткен.

Алғашқы мәлімет бойынша, теңізге 19 әскери қызметші кеткені хабарланған. Кейін нақтыланған деректе 17 адамның суға кеткені белгілі болды. Оның 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Оқиғадан кейін Ақтауда Үкіметтік комиссия құрылып, оның жұмысына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етті. Сонымен қатар Ақтау гарнизонында қылмыстық іс қозғалып, қайғылы жағдайдың себептері мен оған әкелген мән-жайлар тергеліп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айтып, оқиғаны жан-жақты тергеуге қатысты тапсырмалар берген. Сондай-ақ 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Қорғаныс министрлігі қаза тапқан 12 әскери қызметшінің тізімін жариялады. Олардың арасында 11 матрос пен бір аға лейтенант бар.

Үкіметтік комиссия оқиғаға жауапты тұлғалардың әрекеті немесе әрекетсіздігіне құқықтық баға берілетінін мәлімдеді. Ал қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қолдау көрсету үшін Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері 815 млн теңге бағыттайтыны белгілі болды.

Материал авторы