Каспийдегі қаза: әскери жаттығуда мерт болғандардың арасында Қазақстан чемпионатының жүлдегері бар
Қаза тапқан сарбаз Сержан Аяпберген самбо мен дзюдодан жүлдегер болған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 12 әскери қызметшінің арасында Маңғыстаудағы «Жас Батыр» спорт мектебінің тәрбиеленушісі Сержан Аяпберген де болған. Ол самбо мен дзюдодан ел чемпионаттары мен халықаралық жарыстарда жүлде алған спортшы еді. Бұл туралы «Жас Батыр» спорт мектебі жазды.
Сержан Аяпберген Сержан Талғатұлы жас кезінен спортпен айналысып, самбо және дзюдодан облыстық, республикалық әрі халықаралық додаларда жоғары нәтиже көрсеткен.
Спортшы самбодан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында күміс жүлдеге ие болған. Сондай-ақ ТМД студенттер ойындарында самбодан күміс медаль жеңіп, дзюдодан бірқатар халықаралық және республикалық жарыстарда топ жарған. Ол спорт шеберлігіне кандидат атағына да ие болған.
«Жас Батыр» спорт мектебі Сержанның спорттағы жетістіктерімен қатар, ел алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанғанын атап өтті. Мектеп ұжымы оның қазасына байланысты отбасы мен жақындарына, сондай-ақ спорт қауымдастығына көңіл айтты.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Қазақстан Қарулы күштерінің Әскери-теңіз күштері өткізген оқу-жаттығу кезінде болды. Ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен әскери қызметшілер теңізге ағып кеткен.
Кейін нақтыланған мәлімет бойынша, теңізге 17 әскери қызметші кеткен. Олардың 12-сі қаза тауып, үшеуі құтқарылды. Қалған екі сарбазды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Оқиғадан кейін Үкіметтік комиссия құрылып, оның жұмысына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етті. Ақтау гарнизонында қылмыстық іс қозғалып, қайғылы жағдайдың себептері мен мән-жайлары тергеліп жатыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Қорғаныс министрлігі қаза тапқан 12 әскери қызметшінің тізімін жариялады. Олардың арасында 11 матрос пен бір аға лейтенант бар.
Материал авторы