1227

Каспийдегі қайғылы оқиға: әскери қызметтегі салғырттық бойынша күдіктілер анықталды

Тергеу барысында 30-дан астам әскери қызметші жауап беріп, 12 сараптама тағайындалған.

Каспийдегі қайғылы оқиға: әскери қызметтегі салғырттық бойынша күдіктілер анықталды
Қорғаныс министрлігі

 SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты тергеу барысында күдікке ілінген лауазымды тұлғалар анықталды. Олар қызметтік міндеттерін тиісінше орындамады және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдамады деген күдікке ілініп отыр. Бұл туралы Бас прокуратура жазды.

Бас прокуратураның мәліметінше, тергеу аясында оқиға орны қаралып, 30-дан астам әскери қызметші жауапқа тартылған. Сондай-ақ тиісті құжаттар мен бейнематериалдар тәркіленіп, 12 сараптама тағайындалған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікке ілінген лауазымды тұлғалар метеорологиялық жағдайды ескере отырып, әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті бақылау мен шараларды тиісінше ұйымдастырмаған.

Бұдан бөлек, тергеу барысында төтенше жағдай кезінде жүргізілген құтқару жұмыстарының ұйымдастырылуы да тексеріліп жатыр. Бас прокуратура бұл жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмеген және соның салдарынан адам өліміне әкелуі мүмкін деген нұсқаны қарастырып отыр.

«Тергеу барлық мән-жайға толық құқықтық баға беріп, күдікке ілінген тұлғалардың барлығына қатысты тиісті процестік шараларды қабылдайды», – деп хабарлады Бас прокуратура.

Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысының Каспий жағалауында әскери оқу-жаттығу кезінде болды. Ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен әскери қызметшілердің бір бөлігі теңізге ағып кеткен.

Алғашқы мәлімет бойынша, тоғыз әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылған. Кейін қаза болғандар саны 12 адамға жетті. Қазір тағы екі әскери қызметшіні іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Оқиғадан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, қайғылы жағдайдың барлық мән-жайын анықтауды тапсырды. Премьер-министрдің өкімімен Үкіметтік комиссия құрылып, оның жұмысына Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етті.

Әскери қызметшілердің қазасына байланысты қылмыстық іс екі бап бойынша қозғалған. Тергеу жалғасып жатыр.

Материал авторы