1417

«Данияр Елеусінов болуы мүмкін»: Ұшуға санаулы минут қалғанда ұшақтан түсіп кеткен жолаушы полицияға жеткізілді

Әлеуметтік желіде ұсталған жолаушының боксшы Данияр Елеусінов болуы мүмкін деген ақпарат тарағанымен, полиция оның аты-жөнін жариялаған жоқ.

«Данияр Елеусінов болуы мүмкін»: Ұшуға санаулы минут қалғанда ұшақтан түсіп кеткен жолаушы полицияға жеткізілді
@kozachkow

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы–Астана бағыты бойынша ұшатын рейсте жолаушы ұшақтан шығып кетіп, кейін полиция бөліміне жеткізілді.  

Оқиға 25 қыркүйекте Алматы әуежайында болған. Алматыдан Астанаға ұшатын рейске жолаушыларды отырғызу кезінде ер адам әуе кемесінен күтпеген жерден шығып кеткен.

Көлік полициясының қызметкерлері жолаушыны ұстап, мән-жайды анықтау үшін полиция бөлімшесіне жеткізген. Көлік полициясы департаментінің мәліметінше, ол — Астананың 35 жастағы тұрғыны.

Полицияның хабарлауынша, ер адамға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің бірнеше бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, оған қоғамдық орында мас күйінде болғаны, әуе көлігіндегі қауіпсіздік талаптарын бұзғаны және ұсақ бұзақылық жасағаны бойынша әкімшілік шара қолданылған.

Сонымен қатар әлеуметтік желіде оқиғаға қатысты басқа ақпарат тарады. Kozachkov offside Telegram-арнасы ұшудан бас тартқан жолаушының Олимпиада чемпионы, боксшы Данияр Елеусінов болуы мүмкін екенін жазды. Арна мәліметінше, ер адам ұшар алдында сапардан бас тартқан.

Алайда Көлік полициясы жолаушының аты-жөнін нақтыламады. Сондықтан оның Данияр Елеусінов екені әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Полиция заң талаптары адамның қызметіне, мәртебесіне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан барлығына бірдей қолданылатынын мәлімдеді.

Ведомство азаматтарды құқықтық тәртіпті сақтауға, өзге жолаушылардың құқықтарын құрметтеуге және көлік нысандарында қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге көмектесуге шақырды.

Материал авторы