«Бәріміз де пендеміз»: Мерей Ақшалов Данияр Елеусіновті қолдады
Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті спортшының күрделі кезеңнен абыроймен өтіп, спортқа үлесін жалғастыра беретініне сенетінін айтты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Мерей Ақшалов 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновті қолдап, спортшыға қатысты соңғы даулы жағдайға байланысты пікір білдірді.
Мерей Ақшалов Instagram парақшасында Данияр Елеусіновке сенім білдіретінін жазды. Оның айтуынша, спортта да, күнделікті өмірде де заң мен тәртіп талаптары елдің барлық азаматына бірдей қолданылады.
«Бәріміз де пендеміз, бұл өмірде қателесуіміз мүмкін. Ең маңыздысы — өз қателіктеріңнен дұрыс қорытынды шығару», — деп жазды Ақшалов.
Ол Данияр Елеусіновтің Олимпиада чемпионы екенін, ел спортына елеулі үлес қосып, Қазақстанның көк туын талай рет көкке көтергенін атап өтті.
Ақшалов спортшыға күрделі кезеңнен абыроймен өтуді тілеп, алдағы уақытта ел спортының дамуына өз үлесін қоса беретініне сенім білдірді.
Елеусіновке қатысты соңғы жағдайлар
Бұған дейін Алматы–Астана бағытындағы рейсте жолаушының ұшақта шу шығарғаны туралы ақпарат тараған еді. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желіде жарияланып, кейбір ақпарат құралдарында ұшақтан түсірілген жолаушы Данияр Елеусінов болуы мүмкін деген мәлімет айтылды. Алайда оның нақты кім екені ресми түрде расталмаған.
Бұған дейін шілде айының басында Елеусіновке қатысты жол-көлік оқиғасынан кейін сот шешімі шыққаны хабарланған. Спортшы қамауға алынып, көлік жүргізу құқығынан айырылған.
Кейін Астана полициясы оның ұсталған сәтінің видеосын жариялады.
Осыдан кейін Данияр Елеусінов алғаш рет алкогольге қатысты мәселелері туралы ашық айтып, жанкүйерлеріне үндеу жасаған.
Материал авторы