884

Tarlan Astana жолаушыларының саны 10 миллионнан асты

Көлік жүйесіндегі ең жоғары жолаушылар ағыны «Университет», «Бәйтерек» және «Нұрлы жол» станцияларында тіркеліп отыр.

Tarlan Astana жолаушыларының саны 10 миллионнан асты
instagram.com/cts_kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы Tarlan Astana қоғамдық көлік жүйесі іске қосылғалы бері 10 миллионнан астам жолаушы тасымалдаған. Қыркүйек айында оның орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 80 мың адамға жетті. Бұл туралы City Transportation Systems компаниясының баспасөз қызметі жазды.

Жолаушылар ең көп пайдаланатын станциялар қатарында «Университет», «Бәйтерек» және «Нұрлы жол» бар.

Атап айтқанда, «Университет» станциясының қызметін 1 463 953 жолаушы пайдаланған. «Бәйтерек» станциясы арқылы 1 208 610 адам өткен. Ал «Нұрлы жол» станциясының жолаушылар саны 1 060 068 адамға жеткен.

Tarlan Astana-да жол ақысын төлеудің бірнеше тәсілі қарастырылған. Жолаушылар көлік картасын, банк карталарын және байланыссыз төлем құралдарын пайдалана алады.

Бұған дейін Tarlan Astana қызметін тәулігіне 70 мыңнан астам адам пайдаланатыны хабарланған еді. Қыркүйектегі орташа тәуліктік көрсеткіштің 80 мыңға жуықтауы жолаушылар ағынының артқанын көрсетеді.

Бұған дейін CTS Астанадағы LRT станцияларының атауына қатысты да түсініктеме берген. Атап айтқанда, «мұражай» және «станса» сөздерінің қолданылуына байланысты тұрғындар арасында пікірталас туған болатын.

Материал авторы