Қазақстандық спортшы Азиадада алтыннан қағылды: мәселе аяқ киімнен шыққан
World Athletics спортшы киген аяқ киім үлгісін жарыстарда қолдануға рұқсат етілген тізімнен таппаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық жеңіл атлет Ясмина Тоқсанбаева Азиада-2026 ойындарында спорттық жүрістен марафондық қашықтықта бірінші болып мәреге жеткенімен, кейін алтын жүлдеден айырылды. Бұған спортшы киген аяқ киімнің халықаралық талаптарға сәйкес келмеуі себеп болған. Бұл туралы Қазақстан Ұлттық олимпиада комитеті жазды.
Жарыс 27 қыркүйекте өткен. Мәреге бірінші болып келген Тоқсанбаеваның нәтижесіне кейін наразылық білдірілген. Осыдан соң жарыстың техникалық делегаттары спортшылардың аяқ киімін міндетті түрде тексерген.
ҰОК мәліметінше, әйелдер мен ерлер арасында жүлдеге іліккен үш спортшының аяқ киімі тексерілген. Тексеру кезінде Тоқсанбаеваның киген аяқ киім үлгісі World Athletics жарыстарда пайдалануға рұқсат берген модельдер тізімінде жоқ екені анықталған.
Осыған байланысты спортшының аяқ киімі суретке түсіріліп, тиісті ақпаратпен бірге халықаралық федерацияға ресми қорытынды алу үшін жіберілген. World Athletics жауабы алынғанша марапаттау рәсімі кейінге қалдырылған.
ҰОК түсіндіруінше, World Athletics спорттық аяқ киімге қойылатын талаптарды 2026 жылғы 19 наурызда жаңартқан. Жаңа талаптар 20 сәуірден бастап күшіне енген және бұл туралы федерацияға мүше барлық ұлттық ұйымдарға ақпарат жіберілген.
Кейін халықаралық федерация Тоқсанбаева пайдаланған аяқ киім үлгісінің жарыстарда қолдануға бекітілмегенін ресми түрде растаған. Қолданыстағы ережеге сәйкес, мұндай жағдайда спортшының нәтижесі жарамсыз деп танылады және жарыстың қорытынды хаттамасы өзгертіледі.
Қазақстан ҰОК бұл мәселе туындаған сәттен бастап World Athletics, Азия жеңіл атлетика қауымдастығы, Азия Олимпиада кеңесі және Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясымен байланыста екенін хабарлады. Ұйымдар спортшыға қажетті қолдау көрсетіп, шешімге апелляция беру мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Ал Ясмина Тоқсанбаева әлеуметтік желідегі парақшасында қиын сәтте өзіне қолдау білдірген көпшілікке алғыс айтты. Спортшы болған жағдайға қарамастан, алға қарай жүре беретінін жеткізді.
Материал авторы