2657

«Заң алдында бәріміз тең»: Серік Сәпиев Данияр Елеусіновке араша түсті

Серік Сәпиев әріптесі Данияр Елеусіновке қолдау білдіріп, оның қазіргі жағдайына түсіністікпен қарауға шақырды.

«Заң алдында бәріміз тең»: Серік Сәпиев Данияр Елеусіновке араша түсті
instagram.com/serik_sapiyev

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, боксшы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев соңғы оқиғалардан кейін Данияр Елеусіновке қолдау білдірді. Алайда бұл үндеу әлеуметтік желі қолданушылары арасында әртүрлі пікір туғызды.

Серік Сәпиев 27 қыркүйекте Instagram парақшасында жариялаған жазбасында заң мен тәртіптің спортта да, күнделікті өмірде де маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, заң алдында барлығы тең болғанымен, қиын кезеңге тап болған адамға қолдау көрсету де маңызды.

Сәпиев Елеусіновті өзінің досы әрі Қазақстанды халықаралық аренада танытқан Олимпиада чемпионы ретінде сипаттап, отандастарын оған түсіністікпен қарауға шақырды. Сондай-ақ ол спортшының жағдайына қатысты барлық мән-жайдың объективті қаралуы қажет екенін айтты.

Сәпиев Данияр Елеусіновке бұл кезеңнен тезірек өтіп, спортқа қайта оралуын және жанкүйерлерін жеңістерімен қуантуын тіледі.

Боксшының жазбасын қолдағандар арасында Елеусіновке көмек көрсету керек деген пікір айтқандар болды. Кейбір қолданушылар спортшыға тәуелділіктен арылуға бағытталған мамандандырылған орталықтан көмек алу қажет деген ұсыныс білдірді.

Сонымен бірге Сәпиевтің ұстанымымен келіспегендер де аз болмады. Олар Елеусіновтің ересек адам екенін, сондықтан өз мәселесіне жауапкершілікпен қарап, қажетті ем қабылдауы керектігін жазды. Кейбір пікір білдірушілер спортшының бұған дейінгі даулы жағдайларын еске салып, оның қоғамдық мінез-құлқына сын айтты.

Комментаторлардың бір бөлігі спортшының бұрынғы жетістіктері оның қазіргі әрекеттеріне қатысты жауапкершілікті жоққа шығармайтынын атап өтті. Олар заң алдындағы теңдік қағидаты сақталуы керек деген пікір білдірді.

Данияр Елеусіновке қатысты соңғы дау 25 қыркүйекте Алматы әуежайында болған оқиғадан кейін өрбіді. FlyArystan әуе компаниясының Алматыдан Астанаға ұшатын рейсінің жөнелтілуі жолаушылардың бірімен болған жағдайға байланысты кешіккен. Оқиғаға Данияр Елеусіновтің қатысы бары хабарланды.

Көлік полициясы спортшыны ұстап, мән-жайды анықтау үшін бөлімшеге жеткізген. Медициналық куәландыру кезінде оның жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.

26 қыркүйекте Елеусіновтің Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің бес бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

Бұған дейін Данияр Елеусінов алкогольге тәуелділігіне байланысты ем қабылдауды бастағанын мәлімдеген болатын.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор